Көкшетауда экс-әкім көлік соғып, пышақ ала жүгірді
Көкшетауда біреудің көлігін соғып кетіп, онымен қоймай ашуын сол машинаның төрт дөңгелегінен алған азаматтың әрекеті жұрттың ашуын туғызды, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Джиптің дөңгелегін пышақпен кескілеп тұрған – бұрынғы Ақжар ауданының әкімі Қайыргелді Әкімбеков. Бұған дейін осы көлікті өз машинасымен соғып кеткен екен. Аталмыш оқиғаға байланысты Land Cruiser Prado иесінің жол полициясын шақырғаны оған ұнамай қалған.
Бірнеше жыл аудан әкімі, облыстық басқарма басшысы, газеттің бас редакторы болған Қайыргелді Әкімбеков көлік бүлдіргенімен қоймай, иесінің де дымын қалдырмай балағаттаған. Ол аздай, экс-шенеунік пышақ ала жүгіріпті.
Қазір осы оқиғаға байланысты полиция кешенді сараптама тағайындап, сотқа дейінгі тергеу бастаған.