Мас жүргізушіні ұстаған полиция қызметкерлеріне тұтқиылдан біреулер тап берді
Қарағандыда мас жүргізуші бес көлікпен соқтығысқан, деп хабарлайды Zakon.kz. Жауаптан жалтармақ болған ел ағасының видеосы әлеуметтік желіде жарияланып, көптің наразылығын туғызған.Болған оқиғаға қатысты Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.
- 2019 жылдың 20 қазанында кешкі сағат 20:57 шамасында 102 шұғыл желісіне Степной-4 ықшамауданында мас жүргізуші үйдің ауласында тұрған көліктерді соғып, ақыры ұйықтап қалғанын айтқан, қоңырау келіп түсті. Оқиға орнына кезекші полиция патрулі мен Оңтүстік-шығыс полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жіберілді. Lexus 570 көлігі рөліндегі 49 жастағы жүргізуші мас күйінде аулада тұрған бес көлікпен соқтығысқаны белгілі болды, - деп хабарлайды полициядағылар.
Апат салдарынан 25 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйел жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
- Аталған факті бойынша Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптама тағайындалды, тергеу жүріп жатыр. Lexus 570 көлігін полиция қызметкерлері дабыл белгісін қосып, қуды деген ақпарат негізсіз, - деп қосты құзырлы органдағылар.
Айта кетейік, демалыс күндері патрульдік полиция полкінің қызметкерлері 13 жүргізушіні мас күйде ұстаған.
Мас жүргізушіні оқиға орнынан ұстау кезінде түсірілген видеода екі бөтен адамның оны полиция қызметкерлері қолынан алып кетуге тырысып, дікіңдеп, қоқаңдап мінез көрсеткендерін көруге болады. Бірақ олар діттеген мақсатына жете алмады.