Мал іздеп шығып жардан құлап, далада 5 сағат жатқан әйел құтқарылды
Түркістан облысы полицейлері малын іздеп шығып, жардан құлап 5 сағаттай жатып қалған тұрғынды құтқарды, деп хабарлайды Zakon.kz ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап..
Қазығұрт АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан кешкі уақытта жайылымнан келмеген малын іздеп шыққан 60 жастағы анасы бірнеше сағаттан бері із-түссіз жоқ болып кеткені жөнінде хабарлама келіп түседі.
Аталған ақпарат барысында сол аймаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Аспандияр Жайын тез арада қамданып, жоғалған тұрғынның үйіне жетеді. Полицейдің анықтауынша, 1958 жылғы тұрғын сиыры келмеген соң, кешкі сағат 18:00-дер шамасында өзі іздеп шығып кеткен. Арадан бірнеше сағат өтсе келмегендіктен ұлы полицияға хабар берген.
Содан малын іздеп шыққан жергілікті тұрғынды полицейлермен қатар көршілері, ағайын-туыстары бірлесіп іздеуге шықты. Нәтижесінде түнгі сағат 23:30-дар шамасында әйелді тауып алды. Ол мал жайылымына барарда 3 метр тереңдіктегі жардан аяғы тайып құлап, жүре алмай отырғандығы анықталды. 5сағаттан астам жарда жатқан апаның айтуынша, ол үйіне хабарласайын десе, ұялы телефоны үйінде қалып қойған. Жергілікті тұрғынның үйімен оқиға орнының арасы 1,5 шақырымнан астам қашықтықты құраған. Оқиға орнына тез арада жедел-жәрдем шақыртылып, ақжаулықты ана ауруханаға жатқызылған.
Өз кезегінде әйелдің ұл-қыздары анасын тауып бергендері үшін полицейлерге алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Ауданның полицейлері мен көршілерінің жанашырлығына, қырағылығына ризашылығын білдірді.