Алматыда көлік қаққан адамды тағы бір көлік мыжып өткен
Алматыда көлік қаққан жаяу жүргіншіні екіншісі байқамай басып өте шыққан, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қайғылы оқиға түнде Алматы-Жетіген тас жолында, Өтеген батыр мен Байсерке кенті арасындағы жол учаскесінде орын алған.
Куәгерлердің айтуынша, Volkswagen Passat Өтеген батыр елді-мекенінен Байсерке ауылына қарай келе жатқан. Осы кезде арнайы белгісі жоқ жерден жаяу адам жүгіріп шыққан. Жүргізуші тежегішті басқанмен, үлгермеді. Ол жолдан өтіп бара жатқан ер адамды оңдырмай соққан.
Қатты соққыдан жаяу жүргінші қарсы беттегі жолға ұшып түскен. Алған ауыр жарақаттан ер адам оқиға орнына көз жұмған. Оны оқиға орнына шұғыл жеткен жедел жәрдемдегілер растады. Полиция патрулі қайғылы оқиға орнын қоршай бастайды.
Осы уақытта Байсерке ауылынан Өтеген батырға қарай бағыт алған Mercedes апат болған жерден айналып, бірақ полицияға алаңдады ма екен, ол жағы белгісіз, жолда жатқан мәйітті байқамай тағы басып өткен. Салдарынан полиция қос жол апаты туралы хаттама толтыруға мәжбүр болды.