Түркістан облысында автокөлік, 3 ұялы телефон, 1,5 млн ақша ұрлаған күдікті ұсталды
Түркістан ҚПБ-на жергілікті тұрғын арызданады. Әйел өз арызында түнгі уақытта белгісіз азамат үйінің ішіне заңсыз кіріп, қуат көзінде және үстел үстінде тұрған құны 450 000 теңге тұратын "Самсунг" телефондарын және 1 дана "Айфон" ұялы телефонын, сондай-ақ әйелдер сөмкесінің ішінде тұрған 1,5 миллионнан астам теңгені жымқырғанын көрсетеді. Одан бөлек тұрғын-үй ауласында есіктері ашық тұрған ақ түсті "Тойота-Хайс" маркалы автокөлігін жасырын түрде айдап кеткенін жеткізеді, деп хабарлайды zakon.kz ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жайт Түркістан қалалық ПБ-на тіркеліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды.
Түркістан облысы ПД КПБ және Түркістан ҚПБ-ның ЖПҚ УПИ-ның тәжірибелі полицейлерінен құрылған жедел тергеу тобы оқиға орнына шұғыл жетіп, күдіктіні ұстауға кірісіп кетті. Тексеру барысында ұрлық болған тұрғын-үйдің кіреберіс есіктері құлыптанбағаны, терезелерінде темір торлар болмағаны, ешқандайда бейнебақылау, дабылқаққыш қондырғылары орнатылмағаны белгілі болды. Соның салдарынан күдікті өз арам ойын іске асырған көрінеді.
Полицейлер бірінші кезекте саусақ іздерін алды және сұрастыру жұмыстарын жүргізді, үйге жақын аймақтағы кафе-дүкендердің бейнебақылау камераларын тексерді, ұрлық қылмысымен бұрын сотты болған азаматтар, ұрлыққа бейім тұлғалар Түркістан ҚПБ-не жеткізіліп, қол-іздері алынды. Қылмыс орын алған аумақта бірнеше байланыс операторларына тиесілі абоненттік нөмірлерді анықтау мақсатында "Билинг" жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы ПД-не қарасты қала, аудан, басқарма бөлімдеріне бағыттамалар жолданып, қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру жұмыстары жасалды.
Жәбірленушіге ірі көлемде залал келтірген азаматты полицейлер 2 күн ішінде, қырағылықтары арқасында және келіп түскен ақпарат көздері нәтижесінде анықтап, күдіктіні Отырар ауданының бір ауылынан ұстады. Тергеу барысында күдіктінің Түркістан қаласының тұрғыны, алдын "Қарақшылық" жасап сотты болғаны анықталды. Ол, жәбірленушінің үйінен ұрлаған ұялы телефондарын сатып, ақшасын жаратып жібергенін мойындады. Ал, автокөлікті Отырар ауданына жасырған болып шықты. Айғақты зат ретінде алынған көлік заңды иесіне қайтарылды. Күдікті қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға тұрғын-үйлеріңізге, дүкендеріңізге қауіпсіздік ретінде арнайы шараларды жасауға кеңес береді. Бірінші кезекте есіктеріңізді аз уақытқа шықсаңызда құлыптаңыз, терезелеріңізге темір тор, жарықтандырғыш, дабылқаққыш, мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын орнатыңыздар деп ескертеді.