Ұшақ апатынан қайтыс болған адамдардың отбасына 4 млн теңгеден бөлінеді
Асқар Маминнің төрағалығымен "Bek Air" әуе компаниясының ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша Үкіметтік комиссияның отырысы өтті. Отырыста Үкімет басшысы апат себебін анықтап, зардап шеккендердің отбасына көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды zakon.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Алматы облысындағы ұшақ апаты барлық қазақстандықтар үшін аса қайғылы хабар болды. Өкінішке орай, адамдар қаза тапты, зардап шеккендер көп", — деді Мамин.
Үкімет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, ал зардап шеккендерге тезірек сауығуды тіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған Үкіметтік комиссия жұмысының алдын ала нәтижелері туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Р. Скляр, сотқа дейінгі тергеу амалдары және оқиға орнында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, зардап шеккендердің жағдайы туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов баяндады.
Биыл 27 желтоқсанда таңғы сағат 07:21-де "Bek Air" әуе компаниясының №Z2100 рейсі, "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша ұшып шыққан Fokker-100 ұшағы әуеге көтерілу кезінде төмен құлдилап, бетон қоршауды бұзып өткен. Алматы қаласының Қазаэронавигация баяндамасы бойынша, сағат 07:22-де ұшақтың әуеге көтерілуі кезінде диспетчерлер ұшқындарды байқаған. Радар экранынан ұшақ белгісі жоғалып кеткен. Дабыл қағылған.
Сағат 08:04-те Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ұшу жолағынан 1,8 шақырым қашықтықтағы Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылының шетінде ашық аумақта Fokker-100 ұшағының құлағанын анықтады.
Ұшақ Алматыдан ұшқан кезде әуе кемесінің бортында 98 адам болған, оның ішінде 9-ы – бала және 5-еуі – экипаж мүшелері.
Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша оқиға салдарынан барлығы 12 адам қаза тапқан, Алматы қаласының түрлі медициналық мекемелеріне 53 адам жеткізілген, оның ішінде 8 адамның жағдайы аса ауыр деп бағалануда.
Нұр-Сұлтан қаласынан санитарлық авиация бортымен жетекші республикалық медициналық орталықтардың мамандары ұшып барды, оның ішінде Ұлттық нейрохирургия орталығының және Травматология және ортопедия ҒЗИ мамандары бар.
Алматы қаласы мен Алматы облысының медициналық ұйымдары қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр, дәрі-дәрмекпен және қажетті қанмен толық қамтамасыз етілген. Зардап шеккендермен және қаза тапқандардың отбасыларымен психологтар жұмыс істеуде.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, барлық зардап шеккендерге қажетті қаржылай көмек көрсетіледі", — деді Асқар Мамин.
Премьер-Министр Ішкі істер министрлігіне "Bek Air" әуе компаниясының ұшағының құлауына байланысты толық сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің тезірек сауығып шығуы үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
"Апат себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия 2020 жылдың 10 қаңтарына қарай өз жұмыстарының алдын ала қорытындыларын ұсынуы тиіс", — деп нақтылады Асқар Мамин.