Алматы облысында жоғалып-табылған оқушы қыздардың үйден неге кеткені белгілі болды
Алматы облысында мектеп оқушыларының ескертусіз үйден кетіп қалу оқиғасы жиілеп кетті. Өкініштісі, соңғы бір ай арасында аймақтың тәртіп сақшылары мен еріктілері жасөспірімдердің із-түзсіз жоғалуына қатысты 3 рет іздеу жұмысын жүргізді, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.
Мәселен, өткен жылдың 21 желтоқсаны күні Еңбекшіқазақ ауданының полициясы 16 жасар оқушы қызды табандарынан таусылып іздеп, 4 күн әбігерге түскен болатын. Іздеу жұмысына Алматы қаласының тәртіп сақшылары мен еріктілер тартылып, Гүлжан есімді қыз бала қала орталығындағы Арбат демалыс аумағынан табылған еді. Оқушы қыз үйден кету қалу себебін түсіндіре алмаған екен. Жалпы, осы Еңбекшіқазақ ауданында адам жоғалу дерегі жиі тіркеліп отыр. Былтыр 30 адамға іздеу жарияланса, оның үшеуі кәмелетке толмаған бала.
Сондай-ақ қаңтар айының он екісінде Қаратал ауданының тәртіп сақшыларына екі баланың із-түссіз жоғалғаны туралы дабыл түскен. Ортатөбе ауылында тұратын Луниндер отбасының 2004 жылғы Елизавета және 2006 жылы туған Виталий есімді ұл-қызы үйден шығып кеткеннен оралмапты. Полиция күні бойы айналаны шолып, оқушылар баруы мүмкін бағыттардың бәрін тексерген. Қуанышқа қарай, ағайындылар басқа ауылдағы туысқандарының үйіне бара жатқан жолда адасып, кері қайтқан екен. Полиция оларды ата-анасының қолына тапсырды.
Ал күні кеше ғана Ескелді ауданының Нұрмолда Алдабергенов ауылы, Матай Байысов атындағы орта мектептің 8 және 6 сыныбында оқитын 2 қыз жоғалып, бір тәуліктен кейін Алматы қаласындағы "Сайран" автобекетінің маңындағы пәтерден табылды. Оқушылар үйден кетіп қалу әрекетін "қала аралап қайтпақ" болғандарымен түсіндіріпті. Олардың қалтасында 17 000 теңге ақша болған. Қазір полиция ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің Алматыға дейін қандай көлікпен барғандарын және кәмелеттік жасқа толмағандарға пәтерді кімнің жалға бергенін анықтап жатыр.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ