Хайнанда вирустан бір адам көз жұмып, 900-ге жуық отандасымыз елге қайтарылып жатыр
Қазақстандықтар ең көп демалатын Қытай аралында 80 жастағы демалушы көз жұмды. Мұнда инфекцияны тағы 30 адамның жұқтырғаны анықталыпты. Ауыр халде жатқандары да бар. Осыған байланысты еліміздің әуе компаниялары рейстерді тоқтатты. Бірақ Қытайдың демалыс орындарында 900-дей жерлесіміз демалып жатыр екен. Енді олар қауіпті кеселге байланысты елге қайтарылмақ, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Отандастарымызға бұл демалыс бұрынғыдан өзгерек. Бірі толықтай демала алған жоқ, енді бірінің жылы жаққа бару арманы орындалмады. Оған басты себеп – ел президентінің тапсырмасы. Коронавирустың Қазақстан аумағында таралмауына жол бермеуге Үкімет дереу қамданып, Хайнаньдағы қазақстандықтарды қайтарып жатыр", - дейді телеарна тілшісі.
Инна Рей, "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының басшысы:
- Үлкен сұрақ бар. Кейбір демалушылар толық демалған жоқ. Ал енді біреулері ұшудан бас тартуда. Туристік оператор Хайнаньға рәсімделген турлар бойынша мәселені қызмет көрсетуші тарап, яғни Қытаймен келіскеннен кейін шешеді.
Дәл қазіргі күнде Хайнаньнан жүрексініп қалғандарға үш нұсқа ұсынылған: біріншісі – басқа елге саяхаттау; екіншісі – басқа уақытта Хайнань аралына бару. Десек те, жұқпалы аурудың қашан көзі жойылатынына ешкім де кепіл бола алмайды. Үшіншісі – турдан мүлдем бас тарту.
Инна Рей, "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының басшысы:
- Менің ойымша, турдан толықтай бас тартқандар ақшасын 100 пайыз ала алмайды. Бірақ бұл болжам ғана. Әлі талқылану үстінде.
Бір сөзбен айтқанда, коронавирус туроператорларды оңдырмай жатыр. Бүгін елордадан Хайнань аралына SCAT-тың ұшағы бос ұшты. Ертең туристер сол әуе кемесімен қайтуы тиіс. Қазір қазақстандықтардың ең сүйікті орнына айналған Қытай аралында 867 жерлесіміз демалып жатыр.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Қазір Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің ақпаратына сәйкес, коронавирус жұқтырғандар арасында Қазақстан азаматы жоқ. Сонымен қатар, қазақстандықтар Қытайдың ондаған аумағында тұрып жатыр. Пекиндегі біздің елшілік Қытайда жалпы қанша қандасымыз тұратынын анықтап жатыр.
Қытайдағы ушыққан жағдай бойынша Үкімет аса сақтыққа көшкен. Күні кеше Асқар Мамин шұғыл жиын өткізді. Ақжағалыларға бірқатар міндет жүктеді. Жедел желі жұмыс істеп тұр. Қытайдан келгендерге төсек-орын дайын. Арнайы алгоритмдер де әзірленген.
Жандарбек Бекшин, ҚР Бас санитариялық дәрігері:
- Медициналық қызметкерлерден сынамаларды алып, оларды сараптамалық орталықтарға жеткізу, сараптама нәтижесінде күдікті жағдайлар болса, оларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының орталықтарына жіберу жіті қарастырылған. Біз ресейлік әріптесмтермен келісімге келдік. Күдікті пайда болған жағдайда, Ресейдің қалаларына жіберуге мүмкіншілік бар.
Қытай мен Қазақстан арасында әуе рейстерін төрт компания жүзеге асырады. Аптасына 34 рейс орындалады екен. Бізден 22 рейс, Қытайдан 12 рейс ұшырылады. Қауіпті кеселдің себебінен пойыз, ұшақтағы жолаушылардың әрбірі жіті тексеріледі. 14 күн бойы дәрігер бақылауында болмақ.
Эпидемиологиялық ахуалға байланысты елге қайтарылатын туристерге операторлар аруды жұқтырмаудың біршама жолын ұсынуда. Ол – қонақ үйден шықпау, Хайнаньның тұрғындарымен араласпау, медициналық бетперде тағу. Ал туристік фирмалар: "Демалушыларға бар жағдайды талап бойынша жасап жатырмыз, бізге мемлекет көмектесе ме?" деп алаңдайды.