Жетімдерді иектеген. Қостанайда 7 ай бойына жабық өткен соттың үкімі жарияланды
Қостанайда жас қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегендер жазаға тартылды. Бірнеше бап бойынша айыпталған олар 14-15 жылға сотталды. Ұйымдасқан топ 5 жыл бойы 21 бойжеткенді секс-құлдықта ұстаған. Жәбірленушілер арасында жетім қыздар да бар, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
"Ағайын-туыс алты адамды Денис Шакмаев басқарған. Арасында Кристина Аскарова деген әйел де бар. Ұйымдасқан топ қылмыстық жоспарын 2013 жылдан бастап жүзеге асыра бастаған. Түрлі жолмен материалдық жағдайы төмен қыздарды арбауына түсіріп келген. Бастапқыда бойжеткендерді кафеге шақырып, ішімдік ішкізіп, кейін пәтерге апарып үркітіп-қорқытып жезөкшелікке мәжбүрлеген", - дейді телеарна тілшісі.
Жасұлан АСЫЛБЕКОВ,ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
- Шакмаев және топ мүшелері бір-бірімен туыс-жекжат. Олар олжаға кенелу мақсатында осындай қылмыс жасауға уағдаласқан. Діттеген мақсатқа жету үшін бойжеткендерді пәтеріне алдап апарып, заңсыз бас бостандығынан айырып арам ойларын жүзеге асырған.
Қылмыстық топ құрыққа іліккен қыздарды әуелі өз еркімен жезөкшелікпен айналысуға көндірген. Көнбегендерін ұрып-соғып, мәжбүрлепті. Қашпақ болғандарды қатаң жазалаған. Ұйымдасқан топ 2018 жылы ұсталды. Жабық түрде қаралған сот процессі 7 айға созылды. Судья олардың бір-біріне туыс екенін мәлімдеді. Сот үкімімен Денис Шакмаев 15 жылға, қалғандары 14 және 14 жыл жарым жылға бас бостандықтарынан айрылды. Сотталушылар үкіммен келіспейтінін білдірді.
Оқи отырыңыз: Қостанайда 12 бойжеткен жыныстық құлдықта болған
Сотталғандардың бесеуі жаза мерзімін қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде өтейтін болады. Сот Владислав Киструганы рецидивист деп таныды. Ол жазасын төтенше қауіпсіз колонияда өтейді. Ал олардың адвокаттары аппелияциялық шағым түстіретінін айтты.