Ақтауда медициналық бетперде таққан қарулы екеу кафеде оқ атқан
Медициналық бетперде таққан қарулы екі адам Ақтау қаласының 7-ші шағын ауданында орналасқан караоке-барда оқ жаудырды. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды zakon.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 2020 жылдың 1 ақпанынан 2-не қараған түні болған. Бейнебақылау жазбаларында медициналық бетперде таққан, бірі мас екі адамның барға кіргені көрінеді. Екеуі де қаруланған.
Кіре берісте қарама-қарсы кездесе кеткен біреу олардың бірінің қолындағы қаруды тартып алуға тырысқан. Арпалыс кезінде жерге оқ атылады. Бірақ дәл осы кезде екіншісі оған қару кезенеді. Сол кезде ол қарулы адамды босатады. Содан кейін ер адамдар ақырын басып ішке кіріп, залды аралайды, соған қарағанда олар шамасы танысын іздеп жүрген секілді.
Маңғыстау полиция департаменті бұл фактіні растады. Қазіргі уақытта оқ жаудырған ер адамдарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Таңертеңгі сағат 07:30 шамасында Ақтау қаласының кезекші бөліміне суыт хабар келіп түсті. Таңғы сағат 7:00 шамасында медициналық маскадағы екі белгісіз адам Grammy’s караоке-барына баса-көктеп кіріп, еденге екі рет оқ атып, белгісіз бағытта ізін суытты деген хабарласқан адам, - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Ақтау қалалық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу барысында бейнебақылау камерасындағы жазбалар мен оқтар тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілерді анықтау және ұстау үшін қажетті жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.