Жолаушылар пойызы 11 жылқыны қағып кетті
Әлеуметтік желіде теміржол бойында қырылып жатқан жылқылардың видеосы жарияланды. Жүйіткіп келе жатқан жолаушылар пойызының жүргізушісі тежегішті басқанмен, бәрі кеш болды, деп хабарлайды zakon.kz.
Polisia.kz сайтының хабарлауынша, "Петропавл-Қызылорда" бағытындағы жолаушылар пойызының машинисті түн уақытында "Аршалы-Анар" теміржол өткелінде 11 бас жылқыны қағып кетті. Қазір аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, жылқылардың иесін анықтау бойынша іздестіру іс-шараларын жүрізілуде.
Полиция департаментіндегілер осыған ұқсас оқиға 16 ақпанда орын алғанын айтады.
Мәселен, ағымдағы жылдың 16 ақпанында сағат 01.38-де Нұр-Сұлтан станциясындағы Желілік полиция басқармасына "Торғай- Селеті" теміржол өткелінде үй жануарының болуына байланысты жүк пойызының машинисті шұғыл тежегіншіті басқаны туралы хабарлама келіп түсті. Ол кезде жүк пойызы үш жылқыны қағып кетті. Осыған қатысты Ерейментау стансасына тергеушілер аттанып кетті. Кейін жол үстіндегі малдың иесі 42 жастағы Ерейментау ауданының тұрғыны екені анықталып, оған 5 айлық есептік көрсеткішінде айыппұл салынды, - деп хабарлайды құзырлы органдағылар.
2020 жылдың басынан бері пойыздардың шұғыл тежегішті басу бойынша 214 фактісі тіркелген, олардың 130-дан астамы темір жол үстіне малдардың шығып кетуімен байланысты болған. Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері барлық фактілер бойынша мал иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін оларды анықтау шараларын қолдануда. Бүгінгі күні темір жол бойында мал жайған 70-тен аса тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.