Қарағандылық педофил қыз баланы 6 жыл бойы зорлап келген
Қарағандыда кішкентай қыздарына жылдар бойы зорлық көрсетіп келген педофил отбасы тұрып келген. Қызын 3 жасынан туған анасы көңілдесімен порнографиялық суреттерге түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған. Қаншама жылға жалғасқан жан түршігерлік қылмыс "Интерпол" халықаралық ұйымы анықтаған соң ғана ашылып, кінәлілер сотталды, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Жалдамалы пәтердегі азғындықты өткен күзге дейін ешкім сезбеген. Тек кішкентай бүлдіршіннің порнографиялық суреттері "Интерполдың" назарына ілінген. Осыдан соң ғана қылмыстың беті ашылып отыр. Анасы туған қызын 6 жыл бойы көңілдесімен бірге анайы суреттерге түсіріп, жариялап келіпті. Тіпті азғынның туған баласын зорлауына да жол берген.
Сот ер адамды "зорлау", "сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық", "жас балаларды азғындық жолға түсіру", "кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелерi бар материалдарды дайындау және тарату" баптарымен айыптап, 21 жылға қамады. Ал, қорлық көрген қыздың анасын 16 жылға соттады.
Бекзат Шалғымбаев, Қарағанды облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Бұл оқиғаның барлығы анасының көзінше, оның келісімімен болған. Сот психологиялық- психиатриялық сараптама қорытындысында әйелдің есі дұрыс екені анықталды. Сексуальдық зорлық- зомбылық алғаш рет баланың 3 жасында жасалған. Бұл әрекеттер 5-6 жылға жалғасқан.
Жәбірленуші қыз бала қазір 14 жаста, яғни 7- сыныптың оқушысы. Жасөспірімді психологтар мен психиатр мамандар өз қарауына алған. Саран қалалық білім бөлімінің мәліметінше, жәбірленуші қыз анасымен, сіңілілерімен және өгей әкесімен бірге тұрған. Ал оны зорлаған ер адам- анасының көңілдесі, сорақылыққа анасы апарып отырған. Алайда бұл жағдайды педагогтар байқамаған. Тіпті оқушының жиі мектеп ауыстыруы да күдік туғызбапты.
Светлана Цаплина, Саран қалалық білім бөлімінің бас маманы:
Қыз баладан ешбір ауытқушылық байқалмаған. Тұйықтау бала, бірақ мектеп шараларына қатысып кәдімгі сабақ оқып жүрген. Бізге келгенде құжаттан Қарағанды қаласында қаншама мектептен мектепке ауысып жүргенін көрдік. Енді шешесін ата- ана құқынан айыру мәселесін қараймыз. Өйткені өгей әкесі де, туыстары да баланы ала алмайтындарын айтты.
Қоғам белсендісі Әлия Садырбаева болса, дертке айналған бұл мәселеге мемлекеттің араласуын талап етеді.
Әлия Садырбаева:
Еркек үшін туған баласын сату ақылға қонымсыз дүние. Бұл- қоғамның ауруы. Оны емдеу керек. Мемлекеттің көмегі қажет. Бізде балаларды қорғайтын бірегей құрылым жоқ. Мектептерде психологтар бар. Бірақ 500 балаға 1 психолог, не істей алады? Ол балаға бірдеңе болғанын қалай анықтай алады? Сосын біз "неге суицидтен 1 - інші орындамыз ?",- деп таң қаламыз.
Айжан Қуаш, тілші:
Расында да ел аумағында отбасылық зорлық- зомбылық құрбандары көбейген. Соңғы екі жылда бір ғана Қарағанды облысында балаларға жасалған 30-ға жуық қылмыстық іс тіркеліпті.