Түркістан облысы тұрғынының 8 млн теңге мен алтынға толы сейфі ұрланды
Түркістан облысында полицейлер ақша толы сейфті ұрлаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды zakon.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, күндіз оның үйіне белгісіз біреулер кіріп, ақша мен алтын бұйымдар салынған сейфті ұрлап кеткен. Шығын – 8 миллион теңгеге шықты.
Сайрам АПБ-ның полиция қызметкерлері жақын маңды аралап жүріп куәгерлерден жауап алып, оқиға орнын мұқият тексеріп шықты. Күдікті деп табылған Жамбыл облысының екі тұрғыны бір тәулік ішінде ұсталды. Жас жігіттер өз кінәсін толық мойындады. Тергеу кезінде бұл ұрлыққа олардың басқа да сыбайластары қатысқаны белгілі болды. Олар қазір іздестіріліп жатыр. Төрт адам ұрлыққа түскен олар жәбірленушінің үйіндегі сейфті ұрлап, оны жол бойында бұзып, ішіндегі ақшаларын алып кеткен.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі “Ұрлық” СДТБТ-ға тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары бастады. Сейф айғақты зат ретінде алынды. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз тұрғын үйін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Жеке мүлікке қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелерге темір тор, ал сыртқы есіктерге сенімді құлыптар орнату қажет. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үйлер мен пәтерлерде күзет дабылы мен бейнебақылау камераларын орнату қажет.
Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.