"Москвич" мінген ауылдың екі масы санитарлық бекетті елемей өте шықты
Алакөл ауданының полицейлері төтенше жағдай кезінде бірден 6 құқық бұзушылық жасаған екі ер азаматты ұстады, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сағат 22.00 шамасында Көлбай ауылында тұратын "Иж 2715" автокөлігінің 48 жастағы иесі мен оның ішімдік ішкеннен кейін көлігін басқаруға сеніп тапсырған 59 жастағы жолдасы көрші ауылдан Көлбай ауылына жолға шыққан. Елдімекенге келе жатып, олар полиция қызметкерлерінің аялдау туралы заңды талаптарын орындамай, "Алматы-Өскемен" автожолының 480-шақырымында орналасқан санитарлық бекетті елемей, өте шыққан.
Қабылданған шаралар нәтижесінде тәртіп бұзушылар мінген көлік тоқтатылды.
Алайда, рөлде отырған ер адам билік өкіліне бағынбай, ал оның жолаушысы полицейлерге былапыт сөздер айтқан.
Осыған орай ҚР Қылмыстық кодексінің 379, 378-баптарына сәйкес "Билік өкіліне бағынбау", "Билік өкілін қорлау" деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Медициналық куәландыру барысында екі азаматтың да масаң күйде екені анықталды. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.
Сонымен қатар, олардың әрқайсысына ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша ТЖ режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік иесі ішімдік ішкен азаматқа көлігін басқаруды табыстағаны үшін, екіншісі көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Күдіктілердің автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.