Мақтаарал ауданының су басқан ауылдарынан 31 606 адам эвакуацияланған
Мақтаарал ауданының су басқан елді-мекендерінен 2 мамырдан бастап 31606 адам эвакуацияланған, деп хабарлайды zakon.kz.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, 4 мамыр күнгі ақпарат бойынша Жаңа-Тұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй), Өргебас (194 үй), Достық(11 үй) елді-мекендерінде жалпы саны 631 үй су астында қалды.
2 мамыр үшін Атакент елді-мекенінде 24 эвакуациялық бөлім құрылып, жұмыс жүргізуде.
Апаттан құтқару жұмыстарына жалпы саны 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған.
Полиция тарапынан Жаңа-Тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Нұрлыжол, Иіржар елді-мекендерінде бір, Жайлыбаев ауылында екі блок-бекет құрылып, оның жалпы саны 7-ге жетті.
3115 ірі қара мал, 1101 ұсақ мал, 585 жылқы, 34 түйе Келес ауданы, Қызыләскер ауылына жеткізілді. Бұдан бөлек, 1797 ірі қара мал, 6029 ұсақ мал, 689 жылқы, 381 түйе, 165 шошқа Мақтарал ауданындағы су басу қаупі жоқ жерге жеткізілді.