Нұр-Сұлтанда қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі ұсталды
Елордада қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен 45 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Полицияның мәліметінше, 2019 жылдың мамыр айынан бастап ол қаржы пирамидасын басшылыққа алып, астаналықтар мен елдің басқа аймақтарынан келген азаматтардан ірі көлемде ақшаны алаяқтық жолмен алып отырған.
Белгілі болғандай, WhatsApp мессенджерінде "Нақты кіріс - 1" және "Нақты кіріс - 2" атауында екі чат құрған ол салымшыларға басқа бизнес-жобалардан жоғалған ақшаны қайтарып беруге уәде берген. Депозитке 20 мыңнан бастап одан жоғары ақша салған адамдар одан 15 күн ішінде 100% табыс табамыз деп сенген.
Қазіргі уақытта 40-тан астам зардап шегуші-салымшы полицияға арызданды. Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқтың әрекетінен еліміздің әр түрлі аймақтарында тұратын 300-ден астам адамның зардап шеккені анықталды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы, яғни "Қаржы пирамидасын құру және басқару" бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, күдікті тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлады елордалық полиция департаменті.
Қаржы пирамидасының құрбандары Нұр-Сұлтан қаласының полиция бөліміне (Бейбітшілік 19) немесе "102" телефонына қоңырау шала алады. Елордалық полиция азаматтардан ақшаларын күмәнді қаржы ұйымдарына жұмсамауға шақырады. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасына тартылған болса, дереу полицияға хабарлаңыздар.