Ақтөбеде "колхозный базар" жабылып, саудагерлер дүрлікті
Ақтөбеде базар саудагерлері тағы да дүрлікті. Олар аймақтың бас санитар дәрігерінің соңғы жариялаған қаулысымен мүлде келіспей отыр. Кейбіреулері араша сұрап, Президентке үндеу тастаған. Базардағы бұған мәжбүрлеген не жағдай?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Халық "Колхоз базары" атап кеткен орталық базар кешеден бері жұмысын тоқтатқан. Саудагерлерден сұрағанымызда, не себепті жапқанын бізге түсіндірмеді дейді. Базардың есігінде құлып тұрғанымен, тұрғындар келіп жатыр, ал бұған дейін іште сауда жасаған саудагерлер сыртта сауда-саттықты қыздырып отыр.
Облыстың бас санитар дәрігерінің №43 қаулысына сәйкес базарлар 17-шілдеде жұмысын тоқтатуы тиіс болған. Бірақ, оған құлақ асқан сатушыларды көрмедік. Базар маңы бұрынғыдай ығы-жығы. Ішінде болмаса да, кіре-берісінде көкөніс, жеміс-жидегін сатқандар отыр.
"Қол қусырып жаттық өткенде екі ай. 1 сом нанға ақша қалмады, шынын айтқанда. Күйеуім де жұмыссыз қалды. Мен де жұмыссыз. Жиған-тергенімізді жеп болдық, бес балам бар. Сатып жатыр, сыртында. Базардың әне ішінде де отыр сатып".
"Бәрі осы "колхозныйға" келеді. Ең арзан баға осында. Свежий продукт. Жұмыс істегені жақсы ғой. Қанша адам нандарын тауып жүр".
Бұған дейін базардағы азық-түлік сатумен айналысатындарға жұмыс істеуге рұқсат берілген болатын. Сол кезде санитар дәрігерлер орталық базарға жоспардан тыс тексеру жүргізгенде санитарлық талаптардың бұзылғанын анықтағанын айтты. Сол үшін базар басшылығына 360 мың теңге айыппұл салған.
Жексембай Князов, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
"Санитарлық тораптарда Жеке гигиена сақтайтын құралдармен қамтамасыз етілмеген, сол жерде жұмысқа келетін адамдардың мониторинг жасайтын журналдардың жоқтығы, жұмысқа келмеген адамдардың не үшін келмегендігі нақтыланбағандығы анықталып отыр".
Жабық базардағылар да өзге сауда орындарындағы сатушылармен мұңдас. Бұған дейінгі карантинде емін-еркін жұмыс істеп келген бізге шүйліккендерін түсінбедік деп отыр. Мәселелерін айтып, мемлекет басшысынан араша сұрайды.
Анар Бақытжанқызы, сатушы:
"Қалай жабады рынокты? Пәленбай ақшаға етті алып қойдық, отырмаймыз ғой, бұл етті қайда жібереміз? Жаздың 40 градусында біз оны қайда жібереміз? Президентке қағаз жіберген себебіміз - біздің рынокты ашып, тоқтатпай, жұмыс істеуге мұрша берсін бізге!".
Бас санитардың қаулысы жабық базардағыларға да ортақ. Бірақ, басшысы жұмысымызды тоқтатуға себеп болуы керек дегенді алға тартты. Оның айтуынша нысанды күніне бір рет мониторингтік топ келіп тексереді екен. Бірде-бір рет ескерту алып, айыппұл төлемегендерін айтады. Ал санитар мамандар қаулыға құлақ аспағандарды жедел топ тексеріп, заңбұзушылық анықталса, хаттама толтыратындарын жеткізді.