Желіде Қуат Найманның тағы бір видеосы жарияланды
Қуат Найманның желіде тағы бір видеосы пайда болды. Бұл алдындағы атышулы видеодан соң полицияда болған кезде түсірілген материал секілді. Онда Хамитов жамандыққа ешкімді шақырмағанын айтады, деп хабарлайды zakon.kz.
Жазба әлеуметтік желілерде жарияланды. Онда спортшы дезинфекция жасаушылар туралы алдындағы видеоны қалжың ретінде түсіргенін айтады.
"...Ол қалжың ретінде түсірілген видео. Мен ешкімді көтеріліске шығуға, жаман істер жасауға шақырмаймын. Соны дұрыс түсініңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", - дейді Қуат Найман видеода.
Бұған дейін жұртты көшеде дезинфекция жасаушыларды ұрып-соғып, тікұшақтарды атуға шақырған Қуат Хамитовтың үндеуі әлеуметтік желілерде жарияланған еді. Содан кейін ол тиісті процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыру үшін Алматы полиция департаментіне жеткізілді. Қылмыстық іс қозғалды. Ол бірнеше сағаттан кейін тағы бір желідегі парақшасында: "Отан, халық өзіңнен де қымбат болуы керек" деп жазды.