Шымкентте құрылысшы жігіт 11-ші қабаттан құлап, көз жұмды
Лифт шахтасы тағы бір адамның өмірін жалмады. Шымкентте салынып жатқан биік ғимараттың 11 қабатынан құрылысшы құлап қаза тапты. Жоғарыда жұмыс істеп жүрген 25 жастағы жігіт құлаған жерінде алған жарақатынан жан-тәсілім еткен. Қазір, қайғылы жағдайға байланысты еңбек инспекциясы жанынан арнайы топ құрылып, оқиғаны зерттеуге кірісті, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Оқыс жағдай мына бір тұрғын үй кешенінде болған. Жоғары қабатта лифтіде жұмыс істеп жүрген 25 жастағы жұмысшы абайсызда жерге құлап кеткен. Салдарынан ол сол жерде қайтыс болды.
Қас пен көздің арасында болған жағдай туралы әзірге толыққанды ақпарат жоқ. Белгілісі, көз жұмған Ердәулет Әлімов Отырар ауданы, Балтакөл ауылының тумасы екен. Ол күндізгі екі жарым шамасында 11-қабаттағы лифті шахтасында жұмыс істеп жатқанда төменге қарай құлаған. Жедел жәрдем жеткенше жүріп кетіпті.
Құрылыс басында жұмысшылар әдеттегідей еңбек етіп жүр. Кешегі қайғылы жағдайды күзетшіден бастап, қызметкерлерге дейін естіп білген. Сонда да жұмыстарын жалғастыруда. Бас мердігер компания өкілдерінің сөзінше құрылысты қосалқы мердігер жүргізіп жатқан. Марқұм сол серіктестікте жалданып еңбек етіпті.
Рысқұлбек Дауырбаев, мердігер компанияның жетекшісі:
Қауіпсіздік белдігі тағылмаған. Жұмысқа без допуска кіріп кеткен сондай нәрселер көп. Компания тарапынан қандай көмек болады туыстарына? Жаназасына бара жатырмын, қазір. Сөйлесерміз. Айтады ғой.
Аталмыш дерекке байланысты еңбек инспекциясы шұғыл жұмыс тобын құрып, бүгін тексеруге кірісті. Еңбек қауіпсіздігі заңнамасының қаншалықты сақталғанын және кемшіліктер болса анықтамақшы.
Әлжан Мамадәлиев, Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
Талаптардың бұзылу салдарынан көбіне орын алады. Енді осы алдағы 10 жұмыс күннің ішінде тексеру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, оның нақты қорытындысын айта аламыз.
Ал, тексеру комиссиясының қорытындысы полицияға тапсырылады. Қайғылы жағдай, жұмыс берушінің тікелей кінәсінен болғаны дәлелденсе заң алдында жауап береді.
Жалпы, жыл басынан бері шымкентте әртүрлі жұмыс орнында 30 шақты жазатайым жағдай тіркелген. Оның ішінде 11 адам ауыр дене жарақатын алса, өкінішке орай, 4 жұмысшы көз жұмған. Сондықтан, еңбек инспекциясы сақтық шараларын қатаң орындауға кеңес береді.