Талдықорғанда 100 мың теңге тұратын ит күшігін ұрлаған жігіт ұсталды
Ағымдағы жылдың 27- қазанында Талдықорған қаласы Батыс ҚПБ полицейлеріне Талдықорған қаласының 39 жастағы тұрғыны құны 100 000 теңгені құрайтын неміс овчаркасы күшігінің ұрланғаны туралы арызданған, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған дерек ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелгеннен кейін полиция қызметкерлері бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын өткізіп, алтыншы тәулікте ұрланған күшіктің ізіне түсті.
Талдықорған қалалық ПБ БҚПБ-нің КПБ жедел уәкілі полиция лейтенанты Бекмұхамет Санжар Сайранұлының арқасында төрт аяқты заңды иесіне қайтарылды. Иесі өз кезегінде, әлеуметтік желіде полицейге алғыс білдіре ашық хат жариялады. Талдықорған қаласының 31 жастағы тұрғыны болып табылатын күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Ұсталған адам ұрлық жасағанын толық мойындады. Және ол досының мекен-жайын іздеу кезінде, байқаусызда үйдің ауласынан өзіне ұнайтын асыл тұқымды күшікті көргенін және көп ойланбастан оны өзіне шақырып, қолына алып, ұрлап әкеткенін жеткізді.
Екінші жағдай, осы жылдың 1 қарашасында Қапшағай қаласында орын алған. 43 жастағы жергілікті тұрғынның жеке үйінің ауласынан белгісіз біреу "Алабай" тұқымды күшікті ұрлап әкеткен.
Ұрлық дерегі ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді. Бір тәулік ішінде жедел уәкілдер 40 жастағы күдіктіден ақ түсті күшікті тауып, тәртіп сақшыларына алғыс білдірген заңды иесіне қайтарды. Ұрлық жасаған ер адамға қатысты полиция сотқа дейін ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.