Маньяк ол! Көкшетауда аяусыз өлтірілген қос қарияның ұлы сот үкімімен келіспеді
Көкшетауда ерлі-зайыпты зейнеткерлерді асқан қатыгездікпен өлтірген Вадим Достовқа қатысты үкім шықты. Алқа билер қатысқан сот 25 жастағы азаматты 25 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ марқұмдардың балаларына 20 миллион моральдық өтемақы төлеуі тиіс, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін де екі рет істі болған азамат жазасын аса қатаң режимдегі колонияда өтейді. Бірақ бұл жазаға қаза тапқан Бейсенбаевтардың 10 баласы мен туысқандары үзілді-кесілді қарсы. "Жаза тым жеңіл" деген олар сотта алқа билер мен судьяны балағаттап, "қылмыскерден кек аламыз" деп айғайға басты. Судья сотта болған қанды оқиға жайындағы материалды оқи бастағанда, оны марқұмның туған балалары түгілі, сол жердегі қатысушылар да ауыр қабылдады. Қандықол қылмыскер қос қарияны аямаған. Пышақпен денесін тілгілеп, бауыздаған. 10 баланы өмірге әкеліп ауыл шаруашылығында еңбек еткен тыл ардагерлері 87 және 78 жастағы Бейсенбаевтар үйінде алаңсыз отырған жерінде кісі қолынан мерт болған. Қанды қылмысты істеген 25 жастағы Вадим Достовқа 8 айдан кейін сот үкім кесті. Сот Вадим Достовты қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тануға үкім шығарды. Достовты 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сот үкімін мысқылмен қабылдаған 25 жастағы Достов алғашқыда кінәлі еместігін айтып өзіне қол салған. Уақытша қамау абақтысында өткір затпен тамағын орып жіберіп ауруханадан бір-ақ шыққан. Сөйтіп алғашқы сотқа қатыспай қалды. Бүгін 25 жыл жаза арқаласа да, міз баққан жоқ. Ал әке-шешесін өлтірген қылмыскер жеңіл жазамен құтылды деген марқұмдардың ұл-қызы сотта шу шығарды. Әке-шешесінен бір күнде айырылған Бейсембаевтар бес бірдей баппен сотталып жатқан Достовқа "ең ауыр жаза берілсін" дейді. Үкім оқыла сала, алқа билер мен судьяны жерден алып жерге салды. Тәртіп сақшылары оларды сот залынан шығара алмай әуреге түсті. "Заңмен жазалай алмаса, өзіміз кек аламыз" деп салды. Ал судья алқа билер шешімін негізге алдым дейді.
Арлан Қосжанов, Ақмола облыстық сотының судьясы:
- Бұл алқа билер шешімі. Алғашқыда оны өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс болған. Бірақ оған бірауыздан қолдау болмады. Менің судья ретіндегі дауысым алқа билер тұрғанда басым бола алмайды. Заң солай.
Кәкім Бейсенбаев, марқұмдардың ұлы:
- Отыр күліп, оңбаған! Маньяк ол. Кесіп, пышақтап... Осындай адамды өмір бойы жауып тастау керек! Ертең ол шығады, тағы қайталайды. Сонда сот кім үшін керек? Келіспейміз!
"Сот шешімімен келіспейміз" деп айғайға басқан марқұмдардың ұл-қызы үкім мүлдем дұрыс емес деп санайды. Қалайда апелляциялық сотқа беріп, қандықол қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етеміз деп отыр. Тіпті Президентке хат жазып, әділдік сұрамақ.