Қуат Хамитовқа қатысты 6 айға бас бостандығын шектеу туралы үкім шықты
Желіде көшедегі дезинфекция жүргізушілерді таспен атып, ал дәрі шашқан тікұшақтарға оқ атуға көпті шақырған ММА файтері Қуат Хамитовқа қатысты сот үкімін жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz.
Сот Хамитовты кінәлі деп танып, 6 айға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Осы уақыт аралығында спортшы тұрғылықты жерінде болып, пробация органдарына есеп беріп отыруы керек. Сонымен қатар, оған ойын-сауық мекемелеріне баруға тыйым салынады.
Сот үкім шығарған кезде спортшының бұрын жауапқа тартылмағанын, өз кінәсін толығымен мойындағанын ескерді.
"Сот үкіміне қарсы шағым түсіресіз бе" деген журналистер сауалына Хамитов: "Әзірге, білмеймін" деп жауап берді.
Бүгін сотта Хамитов тоқетер сөзін айтты.
"...Мен үшін бастысы, қандай жаза берсеңіздер де, бәрібір, тек маған қажет кезде ерік берулеріңізді сұраймын. Яғни, шетелге шығуыма, жарысқа қатысуыма мүмкіндік болу керек", - деді ол.
Сот шешімі бүгін сағат 14:30-да жарияланады деп күтілген еді.
Қуат Хамитовқа ҚР Қылмыстық кодекстің 272-бабы, 3-бөлігі (мемлекеттік қызметкерлердің заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және тәртіпсіздіктер немесе жаппай арандатуға шақыру, сондай-ақ азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру) сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айып тағылуда.
Сот процесі 18 қаңтарда басталды. Іс қысқартылған тәртіпте қаралады.
Өткен жылдың қыркүйек айында қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитов көшеде дезинфекция жасаушыларды таспен ұрып, дәрі шашып жүрген тікұшақтарға көпті оқ атуға шақырған видео түсірген. Ол тиісті сот ісін жүргізу үшін Алматы полиция департаментіне жеткізілді. Қылмыстық іс қозғалды. Хамитов одан соң жаңа видео жариялап, алдындағы видеоның қалжың ретінде түсірілгенін айтты. Алайда кейінірек ол өз сөзінен бас тартпағанын мәлімдеді.