Карантинде елордалықтарды у-шу қылған дүкен иелері кешірім сұрады
Елордада 2 мың адамның қатысуымен ұтыс ойынын өткізген кәсіпкерлер қала тұрғындарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды zakon.kz.
Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарлауынша, 7 ақпанда қалада екі мың адамның қатысуымен жаппай іс-шара өткізудің жолы кесілді. Жаңа филиалдың ашылуына орай "Romantic" гүлдер орталығы лотерея ұтыс ойынын өткізген болатын. Жаппай іс-шара Мәңгілік ел даңғылында ұйымдастырылды. Нәтижесінде адам көп жиналғандықтан кептеліс пайда болды. Ал қатысушылар маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтамай, вирустың таралу қаупін арттырды.
Бұқаралық іс-шараны өткізген ұйымдастырушылар қала тұрғындарынан бейнеөтініш түрінде келтірілген залал үшін кешірім сұрады.
"Romantic" гүлдер орталығы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан кешірім сұрайды. Болған оқиға үшін барлық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Іс-шараларды өткізу үшін қойылатын талаптар мен бас санитарлық дәрігердің нұсқамасы бұзылды. Қаламызға және жұртшылыққа келтірілген қолайсыздықтар үшін жауапкершілікті көтеруге дайынбыз.Бұл іс-шара әкімдіктің және басқа да мемлекеттік органдардың келісімінсіз өткізілді. Қала тұрғындары алдында кешірім сұраймыз. Біз қалыптасқан жағдайдың ауырлығын түсінбедік", - деді қала тұрғындарына гүл орталығының атқарушы директоры Темірлан Кенжебаев.
Дүкен иелері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 230 АЕК немесе 670 910 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Кәсіпкерлер кінәсін мойындап, айыппұлды 7 күн ішінде өтеуге келіскендіктен, төлем мөлшері 115 АЕК немесе 335 455 теңгені құрайды.
7 ақпанда жұмыс режимін бұзғаны үшін "Заречный" моншасы, "Opus One" караоке-мейрамханасы және "Time to smoke" лаундж бары да жауапкершілікке тартылды.
Айта кетсек, жаппай іс шара ішінде ұтыс ойынынан бастап, келушілердің көңілін көтеру үшін концерттік бағдарлама да бар. Ұтысқа қымбат ұялы телефон, құлаққап, сағат пен көлік те қойылғаны хабарланған. Бірақ, келушілер мен ұйымдастырушылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Есіл аудандық әкімдігі мен полиция мамандары тойдың ортасынан түсіп, су жаңа дүкеннің есігіне құлып салды.