Маңғыстаудың мас тұрғыны "Нұр-Сұлтан-Тараз" әуе рейсінен түсірілді
Тараз қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне диспетчерден "Нұр-Сұлтан-Тараз" бағытындағы әуе рейсінің бортында құқықбұзушы мініп алғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды zakon.kz.
Тексеру барысында ер адамның мас күйінде өзін агрессивті ұстап, экипаж мүшелеріне балағат сөздер айтып, бортсеріктердің ескертулеріне құлақ аспағандығы анықталды.
Азамат әуе кемесі командирінің актісі бойынша рейстен түсіріліп, кезекші бөлімге жеткізілді. Ол Маңғыстау облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол "орташа дәрежеде" масаң күйде болған.
Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігімен, яғни алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу және ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабы 1-бөлігімен, яғни әуе кемесінде әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларынбұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 8 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар, оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша да үшінші әкімшілік хаттама толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін Тараз қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.
Жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 19 094 азаматты, оның ішінде алкогольді ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 1935 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, дейді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.