Ертең Нұр-Сұлтанда қызық болады! Желідегі суретте қаруланған жігіт ұсталды
25 маусымда ВКонтакте әлеуметтік желісінің қолданушысы өз парақшасында қару ұстаған суреттерін жариялады, деп хабарлайды zakon.kz.
Суретте жас жігіт қолына қару ұстап, әскери киімде болған.
Елордалық ПД баспасөз қызметі хабарланғандай, "102" арнасына қала тұрғыны хабарласып, ұлына әлеуметтік желі арқылы белгісіз адамның қару ұстаған фотосуреттері мен "ертең елордада қызық болады" деген жазуы бар хабарлама келіп жатқанын айтқан.
Қазіргі уақытта жарияланған хабарламаның авторы ұсталып, полицияға жеткізілді. Ол 23 жастағы астаналық тұрғын болып шықты. Жас жігіттің сөзіне қарағанда, ол страйкболмен айналысады және бұл жазбаны "ВКонтактедегі" парақшасына жазылушылар санын көбейту мақсатында орналастырған, - дейді полициядағылар.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Баллистикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жас жігіттен тәркіленген қару страйкбол болып шықты.
Полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаруды заңсыз иемдену, беру, сату және сақтау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатындығын ескертеді.