Ақтөбе облысында дала өрті өршіп тұр
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында дала өрті өршіп тұр. Шаруалар тілсіз жаумен өздерінше күресіп әлек. Айтуларынша, бүгінде жайылымның жартысы жанып кеткен, мал шығыны да бар. Тұрғындар облыс билігінен қарымды көмек болмаса 4 жыл бұрынғы оқиға қайталануы мүмкін деп қауіптенеді. 2017 жылы дәл осы ауданда ауыл әкімі мен мұғалімі даладағы өртті сөндірем деп жүріп опат болған еді. Әйтекеліктер "аймақ басшылығы тезірек қарекет қылмаса жерімізден айырыламыз", деп дабыл қағуда. Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Әйтеке би ауданындағы шаруалардың өртпен алысқанына екі тәуліктен асқан. Әуелі Әйке ауылы маңындағы жайылым жерлер отқа оранған. Артынша желдің екпінімен тілсіз жау Талдық, Қайрақты жағына қарай ойысқан. Дала әлі өрт құшағында.
Мұрат Сәтмағамбетов, "Қонысбай" шаруа қожалығының басшысы:
Найзағай түскен енді, ешкім қастандық жасаған жоқ. Біз жаққа ешкім келген жоқ, өрттің алдында жүр. 12 мың га қыс жайлымым еді ғой сақтап отырған. Жылқыға, тебінге, ол полностью кетті. 12 мың га көрші Қарамулдин Бауыржан оныкі кетті, анау жаңағы Қайрақтыда Аманбайдың фермерский шаруашылығы ол да кетті.
Мұрат Сәтмағамбетовтің 8 бас жылқысы өрт ортасында қалып қойған. Бас терісі, денесі күйіп қалған жануар мал болмайды деп отыр. Одан бөлек бір үйір жылқысын таппай қалған. Облыстан көмек жеткенше бәрі кеш болатынын айтқан шаруалардың билік басындағыларға базынасы бар.
Мәрлен Баймағамбетов, "Ақтөбе фермерлік орталығы" қауымдастығының төрағасы:
Ұсыныс бергенбіз, мысалы облыс бойынша Қарабұтақ елді мекеніне пожарное депо ашып, 4-5 техника бөлініп, Хромтау,Әйтеке би, Ырғыз ауданының дала өртіне ықпал ету. Себебі, ол үлкен аймақ.
Мұрат Сәтмағамбетов, "Қонысбай" шаруа қожалығының басшысы:
Бұл арада кардинально өзгеріс болуы керек! Не істеу керек: сапалақпен, пысылдақпенен жүріп, ол не болады, жел көтергендле маңына да бара алмайсың. Соған пожарный центр болу керек!
Шаруалардың шамамен жүз мыңдай га жер өртеніп кеткенін айтуда. Әр қожалықтың 10 мың га жерден жарамсыз болып қалған. Алайда, төтенше жағдайлар департаменті берген мәлімет жұрт келтірген сандармен сәйкеспейді.
Нұрхат Қалдыбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқарма басшысының орынбасары:
Әйтеке би ауданы Талдық ауылдық округінің аумағында алдын ала мәлімет бойынша 5000 га алаңда далалық өрттен орын алуда. Өртке департаменттен 6 адам, бір бірлік техника, ерікті өртке қарсы құрылымдарынан 72 адам, 29 бірлік техника және Қарабұтақ орман шұаруашылығынан 4 адам, бір бірлік техника жұмылдырылды".
Әйтеке бидегі жұрттың алаңдайтын жөні бар. Осыдан төрт жыл бұрын дәл осы ауданға қарасты Сұлукөл ауылында болған қайғылы оқиғаны тұрғындар ұмытқан жоқ. Сол кезде ауыл маңындағы далалық алқап өртеніп, ауыл әкімі бастаған еріктілер тобы сөндіруге шығады. Қызыл жалынның ортасында қалып қойған ауыл әкімі Батырбек Бірлесепов пен тағы екі ауыл тұрғыны жалынның құшағында жан тапсырған еді. Кейін анықталғандай олардың үстінде оттан қорғайтын арнайы киім болмаған, қолдарына тек сапалақ пен су бүркетін құрылғы ғана ұстап шыққаны айтылды.