Жамбыл облысында 3 жасар қызды пойыз басып кетті
Қайғылы оқиға Тараз маңындағы Құмшағал стансасында орны алған. Таңертеңмен теміржолдың арғы бетінде тұратын туыстарына асыққан анасы мен қызы стансада тұрған жүк пойызы астынан өтпекші болыпты. Сол сәтте отарба қозғалып, бүлдіршінді басып кеткен. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Станса маңын мекендейтін тұрғындар қауіпті аймақты қоршап, темір жол үстінен аспалы көпір салып беруді талап етіп отыр.
Құмшағал стансасы маңында теміржолдың екі бетін бойлай орналасқан 500 ге жуық үй бар. Тұрғындар ары бері қатынау үшін пойыздар тоқтайтын жерден өтеді. Полицейлердің айтуынша, кейбірі арнайы өткелмен жүруге ерініп, пойыздардың астымен өтуге дағдыланып алған. Тәртіп сақшылары 3 жасар бүлдіршіннің өліміне де осындай немқұрайлылық себеп болуы мүмкін деп отыр.
Аслан Дүйсенбаев, "Тараз" стансасы желілік бөлімі бастығының орынбасары:
Бұл состав бізде негізі промежуточный станса болғандықтан 31 вагоны бар состав Құмшағал стансасына тоқтаған. Технический себеппен 4 минут тоқтайды. Сол тоқтаған уақытта бұл кісілер өткен ғой. Қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданбағаннан, сақтамағаннан болып отыр.
Бұл оқиға бойынша қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Марқұм болған бүлдіршіннің денесі кеше жер қойнына тапсырылыпты. Кішкентай қыздың өлімі осы маңда тұратын көпшіліктің жанына қатты батты. Жұртшылық бұл аумақты ретке келтірмейінше, осындай қайғылы жағдайларды болдырмау мүмкін емес деп отыр. Тұрғындар әсіресе кішкентай балалардың өмірі мен денсаулығына алаңдайды.
Құрманәлі Тәттібек, Құмшағал стансасының тұрғыны:
Не өткеліміз жоқ, не асфальт көпіріміз жоқ, не астынан өтетініміз жоқ. Неше адам мүгедек боп жатыр, аяқтан ажырап жатыр. Адамымызды жоғалтып жатырмыз, не деген сұмдық бұл.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы жергілікті филиалының өкілдері қоршау мәселесін биылдан қалдырмай қолға аламыз деп отыр. Ал аспалы көпірдің құрылысын жүргізу үшін облыс әкімдігіне ұсыныс-хат жолданыпты.