Жаңалықтар тізбегі
0

Асылып қалған мектеп директоры ісіне қатысты тың дерек шықты

pixabay.com, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.09.2021 15:41 pixabay.com
Үздіксіз қоқан-лоққы мен шағымдардың соңы суицидпен аяқталды дейді ұжымдастары.

Алматы облысында өзіне қол салған директордың қазасына мектеп ұжымы шаруашылық жөніндегі орынбасарды айыптап жатыр. Үлкен Ақсу ауылындағы мектеп мұғалімдерінің айтуынша, Марат Мұхамедов келгелі білім ошағының берекесі кеткен, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Үздіксіз қоқан-лоққы мен шағымдардың соңы суицидпен аяқталды дейді ұжымдастары. 46 жастағы директор қорасына барып асылып қалған. Қайғылы жағдайдан кейін арнайы комиссия құрылып, мұғалімдердің шағымы бойынша қазір қызметтік тексеріс басталды. Білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен басшының артында аңырап анасы мен жұбайы және үш ұлы қалды.

Румила Зулярова, А.Дараевтың жұбайы:

- Күйеуім маған ештеңе айтқан жоқ. Тек ұжымы мен жұрт келіп айтып жатыр. Мен түсінбей қалдым. Алдын ала білген болсам, үш ұлымның әкесін өлімге қалай қияр едім.

Марқұмның жақындары ауыл-аймаққа абыройлы азаматтың өзіне қол жұмсауына мектептегі жанжал түрткі болды деген сенімде.

Асыл Сәдірдинұлы, А.Дараевтың ағасы:

- Көп қысым болған. Арандатушылық болған. Оны біз кейіннен естіп отырмыз. Бұл бекерден-бекер өлімге баратын жігіт емес. Он шақты жігіт қоршап алып ұрса да өлмейтін жігіт еді. Соған жеткізген. Итермелеген.

Мектеп басшысының өлімі ұжымын да түгел есеңгіретіп тастаған. Мұғалімдер қайғылы жағдайға директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары кінәлі деп отыр. Ұлардай шулаған ұстаздар Марат Мұхамедов жұмысқа келгелі білім ошағының басшысына маза бермей, қоқан-лоққы көрсетті дейді. Одан қалса директорға қарамағындағы қызметкерлерді қарсы қойып, оның үстінен шағымды қарша боратыпты-мыс.

Фарида Нұрахунова, мұғалім:

- Осы кісі жұмысқа орналасқалы ұжымның берекесі қашты. Ауданнан комиссия мектепке жиі келетін болды. Ол мектеп директорының үстінен арыз жазып, кәсіподақ өкілдерін көп шақыратын. Директор оны жұмыстан шығарып жіберді. Бірақ ол мені заңсыз қуды деп сотқа жүгінді. Прокуратураға жазды. Директордың жүйкесін жұқартты. Басшымыздың суицидке баруына да сол адамның қатысы бар.

Жәмилә Омарова, еден жуушы:

- Директорды суицидке апарған – сол. Мен бірінші қабатты жуамын. Директордың кабинетінде күнде айқай-шу. Кінәлі. Соған апарды. Бір жылдан асты, стрессте жүрміз. Ол біздің сабынымыз бар ма, қалай жұмыс істеп жатырмыз, ештеңеге бас қатырмайды.

Шаруашылыққа жауапты азамат арызбен ғана шектелмеген сыңайлы. Мұны оның тікелей қарамағында істеген жұмысшылары жамырай айтты. Алды тіпті сотқа да жүгінген екен.

Надим Илахунова, еден жуушы:

- Кіргенде маған тиісті. Тиіскенде жаныма келіп, сипалап, сүйгелі жатыр. Мен итеріп, кабинетіме шығып кеттім. Мен жалғызбасты әйел болған соң, маған тиіскен шығар деп көңіліме алмадым. Бірақ ол басқа қыздарға тиіскенін жиналыста білдім. Сотта дәлел жоқ деп, мен өзімді ақтай алмадым.

Ал Марат Мұхамедов өзіне шаң жуытпады. Айтуынша, тағылған айыптардың барлығы негізсіз. Жұмыстан да заңсыз қуылғанын сотта дәлелдеп қайта келіпті.

Марат Мұхамедов, мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары:

- Ешкімге тиіскен жоқпын. Адал еңбек еттім. Бұл қызметкерлерге бөгет болдым ба, білмеймін. Сосын олар маған жала жапты. Суицидті бір Құдай біледі. Мүмкін директордың отбасында жанжал болған шығар. Екеуміздің арамызда ешқандай кикілжің болған емес.

Әділжан Әшіров,Ұйғыр ауданы білім бөлімінің басшысы:

- 10-маусым күні қайта қабылданған. 26 тамызға дейін денсаулығына байланысты демалыста болды бұл кісі. Осы оқиғадан кейін мен директордың уақытша міндетін атқаратын адамды тағайындадым. Осы кісіге бізге қайтадан арыз түсті. Сондықтан бұйрық шығарып, шаруашылық жөніндегі орынбасары ретіндегі жұмыстарының барлығын қабылдап алып жатырмыз.

Аудандық атқамінерлер мектеп директорының өліміне қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталғанын жеткізді. Суицидке қатысты қазір полиция қылмыстық іс те қозғаған. Ал Марат Мұхамедов жұмысынан уақытша шеттетілді. Алайда ұстаздар бұл қызметкер жұмыстан қуылмаса, арыз-шағымымызды білім министрлігіне жолдаймыз деп бекініп отыр.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: