Жаңалықтар тізбегі
0

Ақбұлақтағы атыс: Қақпаны іштен бекітіп алып, қаруға қол салған

zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.09.2021 15:36 zakon.kz
Ана жерде үш адам жатыр деді. Қыз жылап, дұрыс ештеңке айта алмады. Үйді алуға келген адамның қарындасы ғой...

Алматыдағы қанды оқиғаның куәгерлері күдіктінің бес бірдей адамды ауласының ішіне қамап қойып шетінен атқанын айтты. Қас-қағым сәтте жеті рет оқ атылыпты. Іштегілер бұл мезетте көшеге шығып та үлгермеген, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Қамауда отырған Игорь Дужновтың жұбайы болған оқиғаға сот орындаушысын кінәлады. Тілшілер алдында ақталуға тырысқан әйел "алаяқтық жолмен үйімді тартып алуға тырысты" деп банкті де айыптап отыр. Дау жеті жылдан бері жалғасып келе жатыр екен. Бұл отбасы 118 млн теңге несие алып, кейін төлей алмаған. Ал кепілге қойған үйін банк сатып жібергенде, даудың соңы осылай қанды қырғынмен аяқталып отыр. Күллі елді елең еткізген қанды оқиға болған үй. Ауланың іші қылмыстан кейін тазартылғанын көшеге аққан қан аралас судан байқауға болады. Ал атылған мылтықтың оқтары сараптамаға жіберілді. Бірнеше сағат бұрын полиция оқиға орнына күдіктіні алып келген болатын. Ол бес бірдей адамды қалай атып тастағанын тергеушілерге тәптіштеп айтып берген. Жантүршігерлік жағдайды алғашқылардың бірі болып Дінмұхаммед көріпті. Сол маңда жұмыс істейтін жігіт гүрсілдеп атылған оқтың дыбысын алғаш естігенде мән бермепті. Тек көшені басына көтеріп шыңғырған қыздың дауысынан кейін ғана әріптестерімен далаға шыққан. Қырғынды сырттай бақылаған ол үйдің ауласынан сыртқа ешкім қашып үлгермегенін айтады.

Дінмұхаммед Омаров, оқиға куәгері:

- Ана жерде үш адам жатыр деді. Қыз жылап, дұрыс ештеңке айта алмады. Үйді алуға келген адамның қарындасы ғой. Ол қақпа сыртында тұрған. Қалған бесеуі ішке кіріп кеткен. Ол қақпа сыртынан бері қарай қашып келіп, күзетшілерден көмек сұрап жылап тұрды. Қақпадан ешкім шыққан жоқ. Алғашында үш рет, сосын бір минуттан кейін оқ төрт рет атылды.

Қайғылы жағдай болған үйдің көршілері де атыс дыбысын әу баста от шашу деп топшылаған. Көбі далада адам саны қаптап абыр-сабыр басталғанда бір-ақ шығыпты.

Дильназ, оқиға куәгері:

- 7-8 атылғандай болды. Біз басында оны отшашу деп ойлағанбыз. Терезеге қарасақ, отшашу жоқ. Сосын терезені ашқанда шулап жатқанын естідік. Сосын далаға шықтық.

Кешелі бері оқиға орнын қоршап үйді күзетіп тұрған тәртіп сақшылары тек түстен кейін ғана тарады. Көп ұзамай тілшілердің алдына күдіктінің жұбайы шығып, жанжалдың неден шыққанын өзінше баяндап берді. Анаида Демирчянның айтуынша, күйеуін қылмысқа итермелеген – сот орындаушылары.

Анаида Демирчян, И. Дужновтың жұбайы:

- Олар сағат екіде келді. Арадағы әңгіме үш сағатқа созылды. Кішкентай баламның жүрегі ауырады, кеше ұстамасы ұстап қалды. Ал сот орындаушысына бәрібір, ол жедел жәрдем де шақырмады. Біз бірнеше рет "Боран" мен кезекші прокурорды шақырдық. Бірақ олар сол күйі келмеді. Менің күйеуімді ашындырды. Сот орындаушылардың қалай жұмыс істегені туралы түсірілген видео бар. Иә, менің күйеуім қателік жіберді, бірақ сот орындаушысы оны соған итермеледі.

Ақталуға тырысқан Анаида Демирчян атыс кезінде үйдің ішінде үш баласы және қарт анасының жанында болыпты. Ал сот орындаушылармен ол ұзақ жылдан бері арпалысып келгенін жеткізді. Әңгіменің әлқисассы, осы әулет бірнеше жыл бұрын коммерциялық нысандары мен үйін кепілге қойып, 118 миллион теңге несие алудан басталған. Бірақ қарызын төлей алмаған. Банкпен арадағы сот 2014 жылдан басталыпты. Ақыры кепілдегі мүлік қаржы ұйымының меншігіне өтіп, кейін жеке тұлғаға сатылған. Бірақ бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың әйелі жылжымайтын мүлкімді банк екі есеге төменге бағалады деген сенімде.

Анаида Демирчян, И. Дужновтың жұбайы:

- Банкке сатып алушыларды әкеліп, қарызды бес есе жабуға болатын салонды сатуға тырыстық. Барлық сот шешімінде біз жеңіп тұрдық. Біз тек бағалау кезінде жеңілдік. Банк бағаны үнемі төмендетіп отырды. Банк мұны өзіне-өзі сатты. Қорқытты, бопсалады. Біз несиені төлеп жүрдік, бәрі дұрыс болды, бірақ банк алаяқтық жасады. Соттардың еш жерде тізімде жоқ сырттай шешімі бар. Тіпті оның түпнұсқасы жоқ, банк жасырып қойды. Бұл барып тұрған заңсыздық.

Кикілжің осы соттың қаулысын орындауға келген кезде ушыққан. Үйін босатуды талап еткен сот орындаушы мен сол үйді сатып алған жаңа қожайынға және учаскелік полиция қызметкерлеріне Игорь Дужнов көнбей, қарсылық көрсеткен. Үш сағат айқайдан соң Дужнов темір қақпаны іштен жауып қойып, қаруынан оқ боратқан. Бес адам оққа ұшты. Дужновтың өзі қазір қамауда

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: