Дәмханада ақша төлегісі келмей, шу шығарған экс-депутат болып шықты
Түркістанда дәмханада тапсырысты төлеуден бас тартып, жанжал шығарған адам бұрынғы депутат болып шықты, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Түркістан қаласында ер адам мейрамханада жанжал шығарды. Полиция оның бұрын депутат болғанын растады. Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам айналадығы заттарды қиратып жүр. Одан кейін видео түсіріп жатқан кісінің ар-намысына тиетін сөз айтып, жұдырық ала жүгіреді. Сондай-ақ "менің кім екенімді білесің бе" деген сөздер айтады. Мейрамхана қызметкерлері жанжал шығарған адамды ұстап, тоқтатуға тырысады.
Түркістан қалалық полиция департаменті осы оқиғаның 17 қазан күні түнгі сағат 01.00 шамасында болғанын растады. Көңіл көтеретін мекеменің қызметкерлері 102-ге хабарласып, тәртіп сақшыларын көмекке шақырған.
"Оқиға орнына бірден полиция жасағы барды. Олар келген бойда қалада тұратын ер адамның төлем жасаудан бас тартып, жанжал шығарғанын анықтады. Оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісімен әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материалдар сотқа жіберіледі", - дейді полицейлер.
Ер адамның бұрын қалалық мәслихаттың депутаты болғаны және биыл наурыз айында өкілеттігін тоқтатқаны да анықталды.
Айта кетелік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша бес айлық есептік көрсеткіш (14 585 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу не 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамауға алу жазасы қарастырылған.