Алматыда төрт жасар бала беті суға толы шұңқырға құлап, мерт болды
Олар қайғылы жағдайға құдықтың құрылысына жауапты мекемені кінәләйді. Қайғылы оқиға Алатау ауданындағы Қарасу ықшам ауданында орын алды. Рамазан есімді балғын түскі мезгілде есік алдына ойнауға шыққан. Ойын баласы үйінің қасындағы шұңқырға тайып жығылыпты. Үлкендер көмекке келгенше, балақай тұншығып бақилық болған, деп хабарлайды Astana.tv.
Көшеде кетіп бара жатқан едік, досым екеуміз. Сол баланың анасы көріп қалып өзі көшеге жүгіріп шықты айқайлап, бізді шақырған соң бардық, баланы көріп шығарып алдық. Бірақ сәл үлгере алмай қалыппыз. Қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырыстық, әттең... Қарасу ықшам ауданының тұрғыны Савердин Мырзамов
Қайғыдан қан жұтқан отбасы болған жайтқа әлі сене алар емес. Олар шұңқырдың бетін жаппаған жауаптыларды жазғырып отыр.
Балақай есіктің алдында ойнап жүрген. Одан басқа жеті айлық қарындасы бар. Анасы сол жеті айлық баланы киіндірем деп жатқанда бұл бала далаға шығып кеткен. Бір 5-10 минуттың арасы ғана. Бұл шұңқырдың ашық тұрғанына біраз болды. Ешқандай жауапкершілік жоқ құрылыс компанияларында. Ашық-шашық тастап кеткеннен кейін біз осындай жағдайға ұрынып отырмыз. Марқұм баланың әпкесі Әсел Ошақбаева
Қайғылы оқиғадан соң мамандар шұңқырды былай қоршап қойыпты. Бірақ бұл қауіп сейілді деген сөз емес дейді бұқара.
Мына жерде қоршау болмаған, орында сетка ғана тұрған. Бес жастағы баланы кім қарап отырады, ойнаған, аяғы тайған, топырақ қой езіліп жатыр. Құлап кетті, қайтыс болды, кім кінәлі. Қараусыз тастаса да биіктетіп жабу керек еді. Қарасу ықшам ауданының тұрғыны Айнаш Салықбаева
Үш жыл болды осы кәріз, ауыз су мәселесінің шешілмей жүргеніне. Ауыз су бірде бар, бірде жоқ. Орталық су құбырына қосамыз дегендеріне үш жыл болды. Жолдың бәрі қазылған. Шұңқырлар көп. Қарасу ықшам ауданының тұрғыны Катерина Лагуткина
Шұңқырды қазуды қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы тапсырған. Мердігер компанияны да солар жалдаған.
Негізі кәріз сору станциясы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес осы жерде орналасуы керек. Құрылыс қазба жұмыстары 25-ші сәуір күні басталған. Кейіннен жұмыс барысында жер асты сулары көп мөлшерде шаққандықтан кәріз сору станциясын орнату мүмкіншілігі болған жоқ. Алматы қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы Су және газбен жабдықтау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Іліпбаев
Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Сот медициналық сараптама тағайындалған. Қас бен көздің арасында баласынан айрылып қалған отбасы мердігерді сотқа бермек. Ал жауаптылар болса, қауіпсіздік талаптары сақталғанын айтып ақталуда. Кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс? Оны енді құзырлылар анықтамақ.