Алматыда ер адам қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлағаны үшін 6 жылға сотталды
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 33 жастағы сотталушы белгісіз тұлғамен бірге төтенше жағдай кезінде қару-жарақ дүкеніне заңсыз кіріп, жалпы құны 204 733 теңге тұратын Beretta Perennia III тегіс ұңғылы қаруын, сонымен қатар құны 187 557 теңге тұратын ATA ARMS тегіс ұңғылы қаруын ұрлаған.
Қалалық соттың хабарламасында сотталушы өз кінәсін ішінара мойындағаны айтылған.
Сотталушының айтуынша, ол дүкенге кірмеген, «қаруды дүкеннің жанынан тауып алып, одан әрі құқық қорғау органдарына өткізу үшін алып кеткен».
Алайда сотталушының кінәсі оның танысы болып табылатын куәгерлердің айғағымен расталды. Олардың айтуынша, сотталушы белгісіз біреумен бірге дүкенге кіріп, ұрланған қарумен көлікке мінген.
Прокурор айыптауды қолдап, соттан алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Кәмелетке толмаған екі баланың болуы, кінәсін ішінара мойындауы және сотталушының жасы оның жазасын жеңілдететін мән-жайларға жатады. Ал оның бөтенше жағдай кезінде қылмыс жасауы жазасын ауырлататын мән-жай болды.Қалалық соттың баспасөз қызметі
Сот үкімімен сотталушы алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында атыс қаруын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.