Алматы заңгерлері БАҚ-ты барлық кандидаттарға сайлауда тең мүмкіндіктер беруге шақырды
19 наурызда Қазақстан Мәжіліс және Мәслихат депутаттарын сайлайды, бұл сайлау өткен жылы Президент сайлауынан басталған сайлау циклін түйіндейді. Дауыс беру процесі өткен жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер негізінде жаңа ережелер бойынша жүреді.
Алдағы сайлауда Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім бойынша, ал 30%-ы бір мандатты округтер бойынша сайланатын болады.
Аралас сайлау жүйесі, яғни 50 де 50 арақатынасы бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауы өтеді.
Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары сайлауында азаматтар тек бір мандатты округтер бойынша кандидаттарға дауыс беретін болады.
Сайлауға саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер өз кандидаттарын ұсынады, өз-өзінің кандидаттығын жеке-дара ұсынушыларға да рұқсат бар.
Егер бұрын Қазақстанда пропорционалды сайлау жүйесі жұмыс істесе, яғни парламенттік сайлауға партиялық тізімдерге сәйкес саяси партиялардың өкілдері ғана қатыса алатын. Бүгін сайлаушылар жеке кандидатқа да дауыс бере алады.
Сурет: Independ.kz
"Адал сайлау үшін" қалалық штабының басшысы Бауыржан Мақұлбаев өздерінің негізгі міндеті заңдарды түсіндіру, құқықтық көмек көрсету, кеңес беру екенін атап өтті. Заңгерлер бейтарап позицияны ұстанады, сонымен бірге халықты толық ақпаратпен қамтамасыз етеді. Алматы қаласы бойынша барлығы 16 заң консультанттар палатасы жұмыс істейді, әзірге кандидаттардың ешқайсысы құқықтық көмекке жүгінбеген.
Сурет: Independ.kz
"Бүгінгі таңда біз Алматы кәсіпорындарының ірі ұжымдарымен 30-ға жуық кездесу өткіздік. Біз қолданыстағы сайлау заңнамасының нормаларын түсіндірудеміз. Біз әр адамның өз құқықтары мен міндеттерін білгенін қалаймыз, тек осылай ғана біз сайлаудың адалдығы мен ашықтығын қамтамасыз ете аламыз. Біз ешкімді үгіттемейміз, ешкімнің кандидатурасын қолдап, ұсынбаймыз, тек құқықтық нормаларды түсіндіреміз". Бауыржан Мақұлбаев
Алматы қаласы заң консультанттары палатасының мүшесі Бауыржан Байтағұров сайлау процесі кезінде байқаушылардың құқықтары мен міндеттеріне де тоқталды.
Сурет: Independ.kz
"Бақылаушылар сайлау заңнамасына сәйкес әрекет етуге міндетті, олардың сайлау қызметіне араласуға құқығы жоқ. Олар сырттай бақылайды, егер бұзушылықтар орын алса, оларды түзетуі керек". Бауыржан Байтағұров
Сондай-ақ, кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап үгіт-насихат науқаны аяқталғанға дейін кандидаттар, партиялық тізімді ұсынған саяси партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын насихаттауға және үгіт-насихат шараларын жүргізуге құқылы екендігі атап өтілді.
Қорытындылай келгенде, заңгерлер сыртқы жарнамамен айналысатын компанияларды, бұқаралық ақпарат құралдарын, блогерлерді және әлеуметтік желідегі парақша иелерін үгіт-насихат жұмыстарына тең құқықтар мен мүмкіндіктер беруге шақырды.
Өз кезегінде үміткерлер өздерінің үгіт-насихат бағдарламаларында заңнаманы бұзбауы, басқалардың қадір-қасиетіне тимеуі және үгіт-насихаттың заңсыз тәсілдеріне жүгінбеуі керек.