Абай облысындағы алапат өрт: елді мекендерге төнген қауіп сейілді
Отырыс барысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың баяндамасы тыңдалды, қазіргі ахуал туралы төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев айтып берді, сондай-ақ өрт болған жерден төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков баяндады, деп жазды ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
24 мамыр сағат 09.00-дегі жағдай бойынша өртті ауыздықтауға жеке құрамнан 434 адам және 109 техника, екі тікұшақ және өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі 23 мамырда қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарының жеке құрамынан 133 адам және 26 техниканы жіберген.
24 мамыр таңғы сағат 09.00-дегі жағдай бойынша елді мекендерге төнген қауіп жойылды. Өртті оқшаулау және жою бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр.