Ақсуда оқушы қыз тоғызыншы қабаттан құлап, мерт болды
Kerek.pv Telegram арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, №4 мектептің кәмелетке толмаған оқушысы 14 маусымда өз-өзіне қол жұмсаған.
"Кеше, 14 маусым күні сағат 22:46-да Ақсу қаласындағы Астана көшесінде тұратын 2008 жылы туған кәмелет жасқа толмаған қыз (№4 орта мектептің тоғызыншы сынып оқушысы) тоғызыншы қабаттың балконынан секіріп, өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарланды. Қазір бұл жайттың мән-жайы анықталып жатыр", – делінген хабарламада.
Жедел жәрдем "103" нөміріне қоңырау 22:29-да түскенін мәлімдеді. Шақырту себебі – тоғызыншы қабаттан құлау. Дәрігерлер 6 минутта жетіп, 15 жасар қыздың оқиға орнында қаза тапқанын анықтады.
Туыстарының айтуынша, ол үйдегі кішкентай балалардың қайда екенін көру үшін терезеден аулаға қарап тұрып, абайсызда құлап кеткен.
Zakon.kz редакциясы түсініктеме алу үшін облыстық полицияға жүгінді.
"Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге итермелеу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық экспертиза тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр" Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі
2023 жылғы12 маусымда Ақтөбедегі тұрғын үйлердің бірінде 19 жастағы студент жетінші қабаттың терезесінен құлап кеткені белгілі болды. Туыстары қызды зорлап, артынша өлтірген деп есептейді. Бұл факті бойынша полицейлер «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша іс қозғады.