Ақтөбеде төрт жасар ұлын өз қолымен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
Polisia.kz порталының жазуынша, Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз баласын аса қатігездікпен өлтірген адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралды.
Сотталушының кінәсі полиция жинаған іс материалдарымен және заттай дәлелдемелермен, жүргізілген сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ жәбірленуші мен сотталушының айғақтарымен дәлелденген.
"Сот үкімімен ол ҚК-нің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Өткен жылғы желтоқсан айында жоғалып кеткен төрт жасар Данил Ахуновты іздеуге полицияның кешенді күштерінің нарядтары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен еріктілер тартылған еді. Іздеу шараларының нәтижесінде зорлықпен өлтіру белгілері бар жоғалған баланың мәйіті табылды.
Қылмыс жасады деген күдікпен полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың әкесін анықтап, ұстады.