Ажар Ғиният қарағандылық балалар неден уланғанын айтты
Бүгінде Қарағанды облысының Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ауруханасына түскен 14 баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шығарылды. Қазір олар сол орталық дәрігерлерінің бақылауында.
"6 бала реанимация бөлімінде жатыр. 4 баланың жағдайы оң динамикамен ауыр болып қалып отыр. Екі баланың жағдайы өте ауыр күйде. Жағдайдың ауырлығы неврологиялық және интаксикациялық синдромынан, тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр. Осы оқиға туралы ақпарат түскен сәттен бастап ДСМ шұғыл түрде жетекші республикалық балалар мамандарын жұмылдырды. Қарқынды терапия көрсетілді. Республикалық және облыстық деңгейдегі бейінді мамандардың кеңейтілген консилиумдары күн сайын ұйымдастырылып тұр". Ажар Ғиният
Дәрігерлер балалар тамақтан уланбағанын және оларда инфекциялық аурулардың жоқтығын көрсетті.
"Алдын ала эпидемиологиялық тексеру, зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижесі аурудың даму сипаты тамақтан уланбағанын және инфекциялық аурулардың жоқтығын көрсетті. Бұл жағдайдың болу себебін дәрігер мамандар генезисі белгісіз улы заттан қатты улану деп пайымдайды. Қазір сот медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Балалардың жағдайы ерекше бақылауда", - деді Денсаулық сақтау министрі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Ажар Ғиниятқа "Балаларды барлық қажет дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстаңыздар" деп тапсырды.
"Әкімдіктер интернаттық, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуі қажет. Ішкі істер министрлігі болған оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуге тиіс", - деді Әлихан Смайылов.
1 тамыз күні Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны жөнінде ақпарат тарады. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 2023 жылғы 30 шілдеде орталықтағы екі бала өзін нашар сезінген: құсып, іші өткен. Осы мекеменің тағы 10 баласы 31 шілдеде осындай белгілермен ауруханаға түскен. Дәрігерлер қанша тырысқанымен, бір бала көз жұмды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы жағдайға байланысты Қарағандыға барды.
Бас прокуратура осы іске қатысты ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева шамамен 14:30-да Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы екі бала түскенін хабарлады.