БҚО-дағы бір ауданда қарасан ауруына қарсы егілген ірі қараның төлдері өліп жатыр
Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының хабарлауынша, Бөрлі ауданында қыркүйек айынан күні бүгінге дейін 13 бас мүйізді ірі қара шығынға ұшыраған.
"4 қыркүйекте Бөрлі ауданының Қарақұдық ауылдық округіне қарасты "Руслан" ШҚ-да жеті бас ірі қара малының төлі өлді. Оқиға орнына Бөрлі аудандық ветеринариялық станциясының ветеринар маманы барып, 3 бас малдан патологиялық материал алып, қарасан ауруына деген күдікпен ветеринариялық лабораторияға зерттеуге жолдады. Алайда лабораториялық зерттеу қорытындысы бойынша диагноз расталмады", делінген хабарламада.
Күні бүгінге Бөрлі ауданының Қарағанды ауылдық округінің ауыл тұрғындарының 7 бас мүйізді ірі қара малдарының төлі ауруға шалдығып, оның алтауы өліп, біреуі жазылған. 31 қазан және 3 қарашада өлген малдардан патологиялық материал алынып, қарасан ауруына деген күдікпен ветеринариялық зертханаға жолданды. Лабораториялық зерттеу нәтижесі күтілуде.
"Тамыз-қыркүйек айларында Бөрлі ауданының аумағындағы мүйізді ірі қара малдары қарасан ауруына қарсы "Антиген" ғылыми-өндірістік кәсіпорнымен шығарылған биопрепаратпен жоспарлы егілді. Вакцинаның жасалған мерзімі – 2023 жылдың сәуір айы, қолданылу мерзімі 12 айды құрайды. 3 қарашада облыстық ветеринариялық инспекция және ветеринария басқармасының басшылығы Бөрлі ауданына барып, жануарларды қарап, тұрғындармен кездесіп орын алған жағдай бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сол күні қарасан ауруына қарсы препараттың тиімділігін зерттеу үшін ветеринариялық инспекция мамандарымен қолданыстағы вакцина алынып, ветеринариялық ұлттық референттік орталыққа жолданды". БҚО ветеринария басқармасы
Эпизоотиялық ахуал толықтай ветеринар мамандарымыздың жіті бақылауында. Осы орайда, ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы жануарларының ауру белгілері пайда болғанда немесе өлу фактілері орын алған жағдайда дереу ветеринарилық қызметке хабарлау керектігі де ескертіледі.