Құлсарыны су басты. Мыңдаған адам эвакуацияланып жатыр
4 сәуірде Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты "Ембі-Ақкиізтоғай" гидропосты су астында қалды, қазір оған жақындау мүмкін емес. Гидропостты су алу кезінде су деңгейі 350 см - ең жоғары шекке жете бастаған, яғни 340 см құрады, ал сағат 09:30-дан бастап Құлсары қаласын да су ала бастады.
"5 сәуір сағат 17:00-дегі жағдай бойынша су тасқыны салдарынан 500-ге жуық нысан мен инфрақұрылымдық ғимараттар су астында қалды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар, орталық стадион, Құлсары әкімдігі және сауда нүктелерін су басты", – деп хабарлады Атырау облысының әкімдігі.
Бұл ауданда 4 сәуірден бастап эвакуациялық жұмыстарды жүргізу қажеттілігі хабарланып, дабыл жүйелері іске қосылды. Осылайша жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы ТЖ режимі жарияланды.
Аудан халқының жалпы саны - 86 939 адам, оның ішінде 7 400 қарт, 2465 мүгедек адам, 37 069 бала, 1004 жүкті әйел бар. Сағат 18.00-дегі жағдай бойынша 2400-ден астам адам оқиға орнынан эвакуацияланды. Эвакуация жұмыстары жалғасуда.
Жылыой ауданындағы Жем өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Құрсай каналы арнасынан асып кетті. Қазіргі уақытта жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр:
- жергілікті атқарушы органнан 110 бірлік техника, 162 адам;
- ТЖД-дан 1 бірлік техника, жеке құрамның 21 адамы;
- ІІМ-нен 31 бірлік техника, жеке құрамнан 90 адам;
- 41433 әскери бөлімінен (ҚР ҚМ) - 50 адам;
- еріктілерден 4540 адам жұмылдырылған.
Қазір ауданда жағалауды нығайту жұмыстары жүріп жатыр, 45 452 дана қапшық дайындалып, 174 000 тонна инертті материал төселді.