Степногорда зергерлік бұйым дүкенін тонаған екі қарақшы сотталды
"KTK" телеарнасының ақпаратынша, олар жертөле арқылы бірінші қабаттағы сауда орнының еденін тесіп кіріп, 71 млн теңгеге бағаланған 1365 дана әшекей затты үптеп кеткен болатын.
"Оқиға Степногор қаласында былтыр мамыр айында болған. Ұрылар алдын ала жоспарлаған сауда нысанына еденді ойып кіріп, сөредедегі алтын, гауһар тасты бұйымдарды түгел сыпырып кеткен. Олардың алтын дүкенін тонап жатқаны бақылау камерасына түсіп қалған. Дабыл қоңырауы іске қосылып, күзет қызметі келсе де, есік-терезенің жабық екенін көріп, іштегі ұрыларды байқамаған",- деп жазады телеарна.
Дүкен тонаған екеу тез арада Астанада ұсталды. Степногор соты оларды 6 және 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ дүкен иесіне келтірген 30 миллион 600 мың теңге шығын өндірілді.
Бұған дейін Алматы ветеринарлық қызметінің директоры ұрлық жасағаны үшін сотталғанын хабарлаған болатынбыз.