Жаңалықтар тізбегі
0

Оралдық жеткіншектің өліміне себеп болған құбыр иесі табылмай жатыр

Оралдық жеткіншектің өліміне себеп болған құбыр иесі табылмай жатыр , сурет - Zakon.kz жаңалық 12.07.2024 11:50 Сурет: pexels
Оралдық 12 жастағы Аман Сейфолланы тірідей "жұтып қойған" су соратын қондырғының иесі әлі табылған жоқ, деп хабарлайды Zakon.kz.

"ASTANATV" мәліметінше, шенеуніктер қанды құбырдың қожайынын анықтау үшін "Жайық-Каспий бассейні" инспекциясына хат жолдапты.

Айта кетелік, жеткіншектің құбырға кептетілген денесі Деркөл өзенінен шығарылған болатын. Өрімдей өреннің өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалса да, өзеннен су соратын құрылғының жұмысы әлі тоқтатылмапты. Ал Аманның қайғыдан қан жұтқан анасы дәл осы қондырғыдан бес-алты жыл бұрын тағы бір баланың денесі табылғанын айтады.

Көктемгі су тасқынынан кейін тұрғындар осы маңайды жиі үйірсектейді. Өйткені басқа жер шомылуға жарамсыз. Солай деген шенеуніктер мұнда суға түсуге болмайтынын айтса да, ескерту белгісі жоқ. Орнында жарнама тұр.

"Балалармен баратын. Ағасы да баратын еді. Осы жолы бармай қалып тұр ғой, бірге шықпай тұр. Шыдай алмай артынан барған. Келгенде үлгіре алмай тұр ғой ағасы. Жүзу білетін бала негізі. Жақсы жүзеді. Тек насосқа тап болғаны болмаса. Насос ұстап қалмаса аман қалатын еді балам". Мейрамгүл Есетова, баланың анасы

Су астындағы құбырға жұтылған Аманды құтқарып алуға ұмтылған ересектердің де күші жетпеген. Кейін көмекке келген төтеншеліктердің өзі құбырды арнайы құрылғымен кесіп, баланың денесін құрсаудан шығарыпты. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш еді.

"Аяғын тұрба сорып алған. Мына сол аяғы екі бүктеліп, тұрбаның ішіне кіріп кеткен. Тіпті айыра алмаған, міне рубильник көріп тұрсыз ғой. Кілттеулі тұр. Проводын тартып үздік дейді қасында тұрған жігіт, әлі жетпеген. Баланы суыра алмаған. Тұрбаның аузында сетка болуы керек қой. Тұрба су сорғанда балық та, бірдеме де, мусор да өтіп кетуі мүмкін. Тұрбаның аузы деген үлкен",- дейді баланың атасы Болат Есетов.

Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, адам өлімін жазатайым оқиға ретінде тіркепті. Бір қызығы, су соратын қондырғының қожайыны кім екенін әлі ешкім білмейді.

"Негізі "Жайық-Каспий" бассейні инспекциясына хаттар жолданды осы поливной тұрбалардың қожайындарын анықтау үшін. Осы тұрбалар көп Деркөл кентінің аумағында. Дача көп, қожайындарын таба алмай қалады. Оны іздеп, анадан-мынадан сұрап, хат жазатын сәттер де болады.",- деді Деркөл кенттік округі абаттандыру бөлімінің басшысы, Тұрсынбек Уәлиханов.

Ұлынан айрылған ананың айтуынша, бес жыл бұрын дәл осы құрылғы суға шомылған тағы бір баланы тірілей "жұтқан" екен. Бірақ ешкім жауапқа тартылмапты. Күйінген келіншек су түбіндегі "қақпанға" басқалар арандамасын деп алаңдаулы. Өйткені қызғалдақ ғұмырды қыршынынан қиған қанды құбыр әлі жұмыс істеп тұр. Ауыл әкімдігінің дерегінше, өзен бойында осындай он шақты қондырғы бар. Көбінің қожайыны белгісіз. Енді оларды токтан ажыратып, иесін түгендемек.

10 шілдеде Атырау облысындағы балабақшалардың бірінде бүлдіршін септикке батып кетті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: