Қыздарды бедеулікке әкеледі: Денсаулық сақтау министрлігі АПВ вакцинасы жайлы қауесетке сенбеуге шақырды
Бейнені TikTok қолданушыларының бірі жариялады.
@montik2712 #fyp #рек #екпе#денсаулық ♬ оригинальный звук - user47894610952
"Бұл ескі фейк...Шындығында, бұл препарат қауіпсіз және репродуктивті функцияға теріс әсер етпейді",- деп нақтылады stopfake.kz сарапшылары.
АПВ вакцинасы әлемде 130-дан астам елде қыздарға егіледі. Яғни, әр мемлекетте препарат жергілікті мамандармен тексеріліп, тиімді және қауіпсіз деп танылды.
Сонымен қатар, вакцинаны тәуелсіз ғалымдар да көп зерттеді. Америкалық сарапшылар 58 мыңнан астам вакцинацияланған қыздың арасында бір ғана баладан аналық бездің ерте сарқылу белгілері болғанын анықтады. Бұл жағдай вакцинациямен байланысты емес.
2021 жылдың тамызында бедеулік пен АПВ вакцинасы арасындағы ықтимал байланыс туралы зерттеулерге ауқымды шолу жарияланды. Оған 1997 жылдан 2021 жылға дейін жарық көрген еңбектер енді. Шолу критерийлеріне сай ғылыми еңбектерді мұқият зерттей келе, зерттеушілер АПВ вакцинасы бедеулікке әкеледі деген теорияны сөзсіз дәлелдейтін деректер жоқ деген қорытындыға келді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында да бұл препараттың репродуктивті функцияларға теріс әсер етпейтіні туралы мәліметтер жарияланған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинация үшін барлық қажетті тексерулер мен зертетулерден өткен қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген вакцина қолданылатынын хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде АПВ (адам папилломасы вирусы) вакцинациясының бедеулікке әкелетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және жалған деп танылады. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен барлық азаматтарды ресми көздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз".
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялауды енгізу ағымдағы жылдың қыркүйек айында жоспарланғанын нақтылады.
"АПВ вакцинациясы үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген "Мерк Шарп және Доум" (АҚШ) компаниясы шығарған 4 валентті "Гардасил" вакцинасы қолданылады", – деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар, Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы немесе күн сайын 5 жаңа жағдай тіркеледі, жыл сайын 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады немесе күн сайын 2 әйел қайтыс болады. Бүгінгі таңда АПВ алдын алудың және жатыр мойны обырының дамуының жалғыз әдісі – вакцинация.
12 наурызда жатыр мойны обырына қарсы вакцинаның 350 мың дозасын сатып алу үшін 9 млрд теңге қаражат жұмсалғандығы хабарланған болатын.