Экологиясы күрт нашарлаған Өскеменде төрт адамға "тамақтың химиялық күйігі" диагнозы қойылған
![Өскемен, химиялық күйік, науқас, диагноз, тамақ ауруы, экология, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.12.2024 17:36](https://kaz.zakon.kz/pbi/WEBP/2024-12-06/file-d44ab277-318f-4f6e-86c8-ac9a9cb786c0/400x225.webp)
Өскемен қаласында дәрігерлер "тамақтың химиялық күйігі" диагнозын 4 науқасқа қойды. Қараша айынан бері қалада экологиялық жағдай күрт нашарлап тұр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жел соқпай, қайта-қайта қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, қала ішін түтін басты. Сол уақыттан бері дәрігерлерге қаралған науқастар қарасы көбейген. Қараша айында емханаларға барған халық саны 11 пайызға артса, желтоқсан басталғалы бері де тамағы ауырғандар саны азаймай тұр. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір 4 адамға "тамақтың химиялық күйігі" диагнозы қойылған. Бұл диагноз былтыр көктемде енгізілгенімен сол уақыттан бері бірде-бір науқасқа қойылмаған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Медицина қызметкерлері осы клиникалық хаттаманы қолдануды үйреніп жатыр. Бұл диагноз мұрынмен тыныс алу қиындаса, тамақ ауырып, күйіп, құрғақ жөтел болса қойылуы мүмкін. Сонымен қатар науқас химиялық заттардың әсері бар жерде жүрген болуы керек. Яғни, дәрігер одан қай жерде, қанша уақыт жүргенін сұрайды", делінген ақпаратта.
Бұған дейін Өскемен қаласында барлық орта мектепте екі аусым бойынша да сабақ онлайнға көшірілгені хабарланған.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз