ҚМА Перизат Қайрат ісіне қатысты жаңа мәліметтерді жариялады

ҚМА есебінде 2025 жылдың 14 наурызында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның әрекеттері келесідей дәрежеде деп көрсетілген:
"Оларға алаяқтықтың аса ірі көлемде жасалуына және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға күдікті деп танылды"
Перизат Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықтан ақша жинаған. Оның айтуынша, бұл қаражаттар мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалмақ болған.
Тергеу амалдарының нәтижесіне сай, жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгені құрады.
Перизат Қайрат "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қорына түскен қаражатты өз жеке және анасы Ғайни Алашбаеваның есепшоттарына аударып, кейін оларды зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхаттарға, жөндеу қызметтеріне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған.
Айта кетейік, 2024 жылы 1 сәуір мен 15 қараша аралығында Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" ҚҚ-ның есепшотына 2,8 млрд теңге жиналып жымқырылғаны анықталды.
"Қылмыстық табысты жымқыру мақсатында ол 16 серіктес жеке кәсіпкерлермен металдан жасалған киіз үйлер, қайықтар, етіктер және басқа да заттарды жеткізу жөнінде жалған келісімдер жасасқан. Алайда бұл келісімдер іс жүзінде орындалмаған." ҚМА баспасөз қызметі
Нәтижесінде миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарына жұмсалған. Осы соманың 72 млн теңгесі оның анасы Ғайни Алашбаеваның есепшотына "Солтүстік Қазақстан облысындағы зардап шеккен тұрғындарға тұрмыстық техника сатып алу" деген сылтаумен аударылып, кейін ол Перизат Қайрат арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылды.
Ақшаның бір бөлігіне сомасы 6,9 млн теңге құраған "Rolex" сағатын сатып алуға жұмсалған. Палестинаға көмек көрсету үшін жиналған қаражаттың бір бөлігі 2024 жылдың қаңтарында Перизат Қайрат "Rebel flowers" ЖШС-ін сатып алуға жұмсалған. Оның құны 23 млн теңге болса да, ол келісім-шартта күдік туғызбау үшін 2 млн теңгеге төмендетілген соманы көрсеткен.
"Гүл бизнесінен түскен табысы 69 млн теңгені құрады. Тергеу деректеріне сай, ұрланған қаражатқа 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орнын, үй, жер телімін және ғимарат сатып алынған." ҚМА баспасөз қызметі
Сондай-ақ, жалпы құны 158 млн теңге болатын зергерлік бұйымдар, аяқ киім және сөмкелер тәркіленді.
Жалпы құны 865 млн теңгені құрайтын қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды. Ғайни Алашбаеваға қатысты үй қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
2024 жылдың 14 қарашасында ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатқаны белгілі болды. Бастапқыда ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. 2025 жылдың 21 ақпанында ҚМА Перизат Қайратқа қатысты жаңа істің жай-жапсарын ашты.
Сәуірдің 3-і күні Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеудің аяқталғанын хабарлады. Ол Перизат Қайраттың кінәсін мойындамайтынын айтты. Ол куәлік беруден бас тарту құқығын пайдаланды. Жалпы, іс 100-ден астам томды қамтиды.