Тоқаевқа қазақстандық-қытайлық курьерлік жеткізу жобасы таныстырылды
Сурет: akorda.kz
Ақорда дерегіне сүйенсек, Юй Хуэйцзя президентке "Қазпошта" АҚ және YTO Express компаниясының бірлескен кәсіпорны "Qazpost – YTO" ЖШС-нің қызметі жөнінде мәлімет берді.
"Бұл жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азия елдері аумағында заманауи әрі тиімді курьерлік желіні дамыту",- делінген Ақорда мәліметінде.
Мәселен, биыл Алматы облысында сұрыптау хабының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Аталған нысан пошта жөнелтілімдерін жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, "Qazpost – YTO" ЖШС сұрыптау хабына жақын маңнан Индустриалды парк салуға ниетті.
Өз кезегінде, Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бірлескен жобалардың стратегиялық маңызын атап өтіп, олар мемлекеттер мен халықаралық бизнес арасындағы тиімді ықпалдастықтың үлгісі болуға тиіс екеніне назар аударды.
Бұған дейін мемлекет басшысының әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты жиын өткізгендігі хабарланған болатын.

