Қазақстандықтардың жеке деректері Telegram-да тегін тарап жатыр - Цифрлық даму министрлігінің жауабы

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов 2025 жылы 6 мамырда Telegram мессенджерінде Қазақстан азаматтарының жеке деректерін еш қиындықсыз жариялайтын боттың пайда болғанын мәлімдеді. Бұл келеңсіз жайтқа қатысты Цифрлық даму министрлігі Zakon.kz сайтына түсініктеме берді.
Оның айтуынша, бұл бот мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған ЖСН, мекенжай, байланыс нөмірі және отбасы мүшелері туралы толық мәліметті кез келген адамға таратып отыр.
"Бұл жүйеден қазіргі және бұрынғы цифрлық даму министрлері — Бағдат Мусин мен Жаслан Мадиевтің де жеке ақпараты табылған. Олардың eGov-та тіркелген нөмірлері мен отбасына қатысты деректер бот базасынан шыққан. Егер деректердің рас-өтірігін тексергісі келсе, министрлер өздері ботты жүктеп, жеке мәліметтерін қарап көрсін. Бұл дерекқорда азаматтардың ЖСН-і, қазіргі және бұрынғы мекенжайлары (тіпті 15-20 жыл бұрынғысы да), тіркелген көліктері мен балаларының телефон нөмірлері сынды ақпараттың ашық тұр. Таныстарым бұл мәліметтерді тексеріп, бәрінің дәл келгенін растадын. Егер министрлердің өзі қорғалмаған болса, қарапайым азаматтардың мәліметтерінің қолды болып жатқанын елестету де қорқынышты", деп жазды депутат Facebook-тегі парақшасында.
Ол бұл деректердің соңғы жаңартылуы 2024 жылдың желтоқсанында болғанын атап өтті. Әбенов Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға жүгініп, бұл мәселеге шұғыл түрде шара қолдануды талап етті. Telegram-дағы боттың нақты сілтемесін жария етпегенімен, қажет болған жағдайда оны мемлекеттік органдарға ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Аталған мәселеге назар бұрған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеме жасады.
"Telegram-боттарға арнайы жүргізілген талдау нәтижесінде бұл боттардың деректері бұрынғы уақыттарда таралған ескі ақпараттар базасына, ашық интернет көздеріне және GetContact сияқты үшінші тарап платформаларына негізделгені анықталды. Ал GetContact сервисіне Қазақстан аумағынан қолжетімділік бұғатталған, себебі онда еліміздің заңнамаларын бұзатын жайттар тіркелген. Анықталған ресурстар туралы сілтемелер уәкілетті органдарға жолданып, тексеру және заңға сай шара қабылдау тапсырылды", деп түсініктеме береді министрлік.
Құзырлы орган бұған дейін де осындай мазмұндағы 30-дан астам Telegram-боттың қызметі тоқтатылғанын айтады.
"Министрлік азаматтарға ескерту жасап, мұндай сервистерді қолданбауға және жеке ақпаратты ашық ортада жарияламауға кеңес береді. Ведомство құқық қорғау органдарымен бірлесіп, азаматтардың жеке деректерін қорғау және еліміздегі цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыра беретінін мәлімдеді", деп сендіреді ЦДИФӨМ.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript