Алматының екі ауданында жылу құбырларын жаңалауға байланысты бірқатар жол учаскесі жабылады
Сурет: Zakon.kz
"Алматы жылу жүйесі" ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 мамырдан бастап 20 шілдеге дейін Алмалы ауданында Бөгенбай батыр көшесінде Бруно көшесінен бастап Аносов көшесіне дейін екі бағытта автокөлік қозғалысы шектеледі.
"Сондай-ақ 31 мамырдан бастап 30 маусымға дейін Түрксіб ауданында Котельников көшесінде Сейфуллин даңғылынан бастап Ақан Сері көшесіне дейін екі бағытта автокөлік қозғалысы шектеледі. Уақытша шектеулер көрсетілген көше сегменттерінің жүргін бөлігінің астымен өтетін магистральдық құбыржолдарды жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз", делінген хабарламада.
Жалпы көрсетілген аудандарда ағымдағы жылы 1983-1985 жылдары пайдалануға енгізілген, жалпы ұзақтығы 3 шақырымды құрайтын жылумен жабдықтау желілерін ауыстыру жоспарланып отыр, бұл 105 көппәтерлі үйдің, 5 жеке үйдің тұрғындарын, 5 жеке меншік мектепті, 1 мектепті және басқа да 3 объектіні қыс мезгілінде тұрақты жылумен жабдықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, жаңғырту жұмыстарын жүргізу кезеңінде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайтыны да нақтыланады.
Бұған дейін елімізде автомобиль жолдарын салу және жөндеу ережелеріне өзгерістер енгізілгенін жазғанбыз.