Ресейден Қазақстанға шошқа етін заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды
Сурет: gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, тексеру нәтижесінде, 5 тонна шошқа еті ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз заңсыз тасымалданғаны анықталды.
Ветеринариялық-санитариялық заңнама талаптарының бұзылуына байланысты жүк көлігі кері қайтарылды. Ал жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
"Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысы аумағындағы ветеринариялық бақылау пункттерінде 129 құқықбұзушылық тіркелді. 129 автокөлік ел аумағынан шығарылып, 76 тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 6 448 480 теңгені құрады",- делінген ақпаратта.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мемлекеттік шекара арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын, жануар тектес өнімдер мен шикізатты тасымалдау кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін еске салады.
Бұған дейін 19 маусымда Қазақстанмен шекарадағы бұзушылықтарға байланысты 30 тонна жұмыртқа Ресейге қайтарылғандығы хабарланған болатын.