Шымкентте бір түнде үш әкімшілік ғимараты өртенді
Фото: Zakon.kz
KTK ақпаратына сүйенсек, өрт түнгі сағат үштен өте әкімдіктің шатырынан шыққан. Бұл кезде үш ғимараттың ішінде үш күзетші ғана болған. Куәгерлердің айтуынша, шіріп тұрған ағаш құлап, электр сымын үзген. От содан тұтануы мүмкін.
Тұрғызылғанына 70 жылдан асқан үш нысанның әп-сәтте 1200 шаршы метр шатыры отқа оранған. Қызыл жалын екінші қабаттағы кабинеттерге де тиіп үлгеріпті. Қазір Абай ауданы аппаратының және Мемлекеттік істер жөніндегі департамент пен мемлекеттік басқару академиясының ұзын-саны 100-ден астам қызметкері далада қалды. Аудандық әкімдік ғимараты екі ай ішінде жөнделіп, мемлекеттік қызметкерлер қайта орнына келуі тиіс. Әзірге үш мекеме де Шымкентте уақытша отыратын орын іздеп жатыр.
"Жұмыс тоқтаған жоқ. Халықпен кездесулер бар, біздің аудан әкімдігінің негізгі қызметкерлері халықпен түсіндіру жұмыстары, санитарлық тазалық, балалар ойын алаңшасы жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі, электронды құжат айналымы тоқтап тұр. Басқа жұмыс жүргізіліп жатыр".Шерхан Кеңес, Абай ауданы әкімі аппаратының басшысы
Бұған дейін Алматыда Жетісу ауданында төрт қабатты ғимараттың шатыры отқа оранғандығы хабарланған болатын.