Астанада ауқымды экологиялық айлық басталды
Сурет: Астана қаласы әкімдігі
Экологиялық айлыққа қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафе-мейрамханалар және т.б.), еріктілер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, ПИК (МИБ) және басқалар қатысып жатыр.
Экоакция аясында елордада қала аумағын санитарлық тазалау, нөсер және арық жүйелерін ретке келтіру, көшелерді, тротуарлар мен аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді жинау жұмысы жүргізіледі.
Экоайлық барысында елорданың барлық алты ауданында ағаш отырғызу жұмысы да өтіп жатыр.
"Мен бұл ауданда бірнеше жылдан бері тұрамын, жыл сайын қаламыздың көгалданып келе жатқанын байқаймын. Жаңа ағаштар мен гүлдер отырғызылып, ауламыз бен көшелеріміз көркейіп келеді. Серуендеп, таза ауада уақыт өткізу де көңілді болды. Мұндай жұмыс Астанамыздың болашағы үшін маңызды", – деді Нұра ауданының тұрғыны.
Сонымен қатар маусымдық агротехникалық жұмыстар – жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарының маңын тазалау, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою сияқты шаралар қолға алынған.
"Біз әрбір ағаш пен көшет дұрыс отырғызылып, өсіп кетуін қадағалауға тырысамыз. Бұл – біз үшін бір реттік шара емес, Астананы көгалдандырудың жүйелі жұмысы. Көбірек адам атсалысқан сайын қаламыз да тезірек көркейіп, таза бола түседі", – деп атап өтті коммуналдық қызмет өкілі.
Айта кетейік, экоакцияның басты мақсаты – қала көшелеріндегі тазалықты сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Бұған дейін еліміздің екі қаласында ауа сапасының нашарлауы күтілуде екенін жазғанбыз.